Қазақстан футболының танымал тұлғасы, павлодарлық "Ертіс" клубының қорғаушысы әрі ұлттық құраманың бұрынғы ойыншысы Ғафуржан Сүйімбаев кәсіби мансабын аяқтайтынын мәлімдеді.
"Бүгін мен кәсіби футболшы ретіндегі мансабымды ресми түрде аяқтаймын. Аллаға шүкір, бала күнгі арманым орындалып, сүйікті ісіммен айналыстым. Футбол маған өмірдегі ең жарқын сәттерді сыйлады", – деп жазды Сүйімбаев.
Ол футбол жолында кезіккен жақсы адамдарға, жаттықтырушыларға, менеджерлер мен командаластарына алғыс білдірді:
" Осы жолда бірге жүрген барлық адамға алғысым шексіз. Барлықтарыңызды сағынамын".
Футболшы өз сөзінде ата-анасына, отбасына, достарына және кеңесшілеріне ерекше алғыс айтты. Сонымен бірге жанкүйерлерге де жүрекжарды ризашылығын жеткізді:
"Сіздер әрқашан жанымнан табылдыңыздар. Сол қолдаудың арқасында мен бұл ойынды бекер ойнап жүрмегенімді түсіндім".
"Енді өмірімнің жаңа кезеңі басталды. Бірақ футбол менің жүрегімде мәңгі сақталады", – деп аяқтады жазбасын Ғһафуржан Сүйімбаев.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың наурыз айында Сүйімбаев тізе жарақатын алып, ұзақ уақытқа алаңнан тыс қалған еді. Бұл жағдай оның мансап шешіміне тікелей әсер етті.