Қызылордада өткен жастар арасындағы футбол матчы үлкен дауға ұласты. Белгілі спорт журналисі Ермұхамед Мәулен Қазақстан футбол федерациясын (ҚФФ) жасөспірімдердің денсаулығына қауіп төндірді деп ашық сынға алды.
14 мамыр күні Қызылордада Екінші лига аясында өткен "Қайсар U-18" – "Ордабасы U-18" матчы сағат 14:00-де басталды. Күннің аптап ыстығында (температура 41°C) өткен матч 3:0 есебімен "Қайсардың" жеңісімен аяқталғанымен, ойынның уақыты жұртшылықтың наразылығын тудырды.
Ермұхамед Мәуленнің пікірі:
"Бұл ойынды түстің дәл ортасында, 14:00-де белгілеу — ақылға сыймайды. 41 градус аптапта балаларды алаңға шығару — олардың өмірін қатерге тігу. Егер күн өтіп, қан қысымы көтеріліп, біреу қайғылы жағдайға душар болса, жауапкершілікті кім мойнына алады?" — деп жазды журналист өзінің телеграм-арнасында.
Журналист ойын уақытын кешке немесе келесі күнге ауыстыруға болатынын алға тартты. Себебі сол күні кешке "Қайсар" – "Ақтөбе" ойыны жоспарланған стадион бос емес болды.
"Ересектерге жағдай жасап, жастарды күннің астында қалдыру — екіжүзділік. Жастар — біздің болашағымыз. Олар да жақсы жағдайда ойнауға лайық. Егер сіздің бойыңызда жас буынға деген жанашырлық болмаса, онда сіз жақсы адам емессіздер," — деп түйіндеді Мәулен.
Айта кетейік, Қызылордадағы стадионның газоны жасанды төсеніштен тұрады. Мұндай жамылғы жаз мезгілінде температураны 50 градусқа дейін қыздыруы мүмкін. Бұл спортшылар үшін өте қауіпті жағдай.