Шымкенттегі жаңа футбол стадионын салу туралы бастама тағы да күмән туғызды. Instagram желісіндегі Goal.kz парақшасы жариялаған бос алаңның видеосы көпшіліктің қызу талқысына түсті.
Видеода тек қоршаумен жабылған, бірақ мүлде өзгеріссіз жатқан аймақ. Құрылыс белгілері жоқ, жұмысшылар да көрінбейді. Бұған қоса, бұрын орнатылған стадион жобасының баннерлері алынып тасталған.
Былтыр жаңа стадионның іргетасына капсула салу рәсімі өткізіліп, жоба басталатыны ресми түрде хабарланған еді. Бірақ қазіргі ахуал — қаңыраған бос алаң. Бұл көрініс жанкүйерлер арасында орынды сұрақтар туындатты: шынымен стадион салына ма, әлде бұл тек кезекті уәде ме?
"Былтыр капсула салды, стадион басталады деді. Қазір — тыныштық. Құрылыс жоқ. Баннерлер де жоқ. Бұл расында салынып жатқан стадион ба?" — деп жазды бейнежазба авторы.
Жазбаның астында пікір қалдырғандар екіге жарылды. Бірі — наразы, бірі — түсіністік танытады.
"Баннерлерді алып тастады. Себебі жаңа жоба әлдеқайда күрделірек әрі әдемірек болады. Қазір сметалық құжаттар дайындалып жатыр. Сосын барып іске кіріседі", — деп жазды бір қолданушы.
Жергілікті әкімдік пен жоба ұйымдастырушыларынан әлі нақты түсініктеме берілген жоқ. Бұл жағдай Шымкенттің футбол картасындағы болашағына күмән тудырып отыр. Жаңа стадион Қазақстан футболының жаңа орталығына айнала ма, әлде қағаз жүзінде ғана қала ма?