Қазақстандық футболшы терең қорғанысты бұза алмайды және Мәскеудің «Динамо» клубына ауысқаны әлдеқайда тиімді болар еді, дейді сарапшылар.
ANN Spor журналисі Улаш Арал қазақстандық футболшының «Бешикташтағы» ойыны неге алға баспай жатқанын түсіндірді.
Түркиялық спорт шолушысы Улаш Арал Sports24.kz порталына берген сұхбатында Бахтиер Зайнутдиновтың Түркия чемпионатындағы нәтижелеріне көңілі толмайтынын айтты. Оның пікірінше, қазақстандық ойыншыға Мәскеудің "Динамо" клубына ауысу тиімді болар еді.
«Бахтиерге "Динамоның" ұсынысын қабылдау керек еді. Өйткені Түркияда "Бешикташ" секілді ірі клубтарға қарсы қарсыластар терең қорғанысқа жүгінеді. Олар толықтай жабылады. Ал Зайнутдиновтың техникалық арсеналы ондай қорғанысты бұза алатындай деңгейде емес», – деді Арал.
"Тараз" клубының түлегі Бахтиер Зайнутдинов 2023 жылы "Бешикташқа" ауысқан болатын. Алайда бір маусымда 49 ойынға қатысқанына қарамастан, тек 1 гол соғып, 1 нәтижелі пас берген. Ол бірнеше матчта орталық және шеткі қорғаушы рөлінде де ойнаған.
Қазіргі уақытта Мәскеудің "Динамо" клубы Бахтиер Зайнутдиновты өз сапына қосу үшін келіссөздер жүргізіп жатқаны туралы ақпараттар тарауда. Егер трансфер жүзеге асса, қазақстандық легионер Ресей Премьер-Лигасына қайта оралуы мүмкін.