"Дженоа" 17 жастағы балаға 20 миллион сұрады – "Милан" мен "Аталанта" дайын ба?

Редактор Penalty.kz
Бүгін, 12:00

Италияда бар болғаны 270 минут ойнаған жас футболшы трансфер нарығының басты назарында.

milanac.ru

Италиялық футбол аренасында жаңа есім жарқ ете қалды —Онест Аанор. Жас қорғаушы "Милан" мен "Аталанта" секілді алпауыт клубтардың назарын аударып үлгерді. Дегенмен оны иемдену оңайға соқпайды: "Дженоа" 17 жастағы дарын иесі үшін 20-22 миллион еуро сұрауда.

Онест Аанор​​​​​ — Нигериядан шыққан, бірақ Генуяда өскен футболшы. Сол қапталдағы қорғаушы, алайда оның мүмкіндіктері әлдеқайда кең: ол орталық қорғаушы ретінде де, тіпті шабуыл шебіндегі қаптал ойыншысы ретінде де өнер көрсете алады.

"Ол сол аяғымен жақсы жұмыс істейді, физикалық тұрғыда мықты, ал прогрессиядағы жылдамдығы әсерлі", – деп жазады италиялық басылымдар.

Мамандардың пікірінше, ол стиль жағынан бұрын Италияда жарқ етіп, кейін "Манчестер Юнайтедке" ауысқан Доргуге ұқсайды. Аанор​​​​​ да сол жолмен жүріп келе жатқандай.

Неге 20 миллион еуро?

"Дженоа" клубы жас қорғаушының болашағы зор екенін біліп отыр.

"20 миллион еуро жоқ па? Онда мүлде жоламаңыздар", – деген екен клуб өкілдері оған қызығушылық танытқан командаларға.

Бұл сома қазір 17 жастағы ойыншы үшін өте жоғары әсіресе оның А сериясында бар-жоғы 270 минут ойнағанын ескерсек. Алайда Аанор​​​​​дың тез дамуы мен әлеуеті бұл бағаны ақтауы мүмкін дейді сарапшылар.

"Милан" мен "Аталанта" не шешеді?

Қос клуб та Аанор​​​​​  жайлы мәліметтерді жинап жатыр. Енді оларға үлкен шешім қабылдау керек: болашағы зор жас ойыншы үшін қомақты қаражат жұмсай ма, жоқ па? Осы трансфер жазда жүзеге аса ма – оны уақыт көрсетеді. Бір белгілісі, Онест Аанор​​​​​дың есімі әлі талай айтылатын болады.