Абдуқодир Хусановтың трансферінен кейін Орталық Азияда жанкүйер саны күрт өсіп, City Football Group енді тұтас бір клуб пен жаңа ойыншыны иемденуді жоспарлап отыр.
«Манчестер Сити» клубының иелері саналатын City Football Group Өзбекстандағы бір футбол клубын толық сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Zamin.uz хабарлады.
Өзбекстан Ұлттық Олимпиада комитетінде өткен «Баспасөз және бұқаралық ақпарат құралдары күніне» арналған шара барысында комитет төрағасының бірінші орынбасары Отабек Умаров маңызды мәлімдеме жасады.
Оның айтуынша, City Football Group Өзбекстаннан тағы бір жас футболшыны қатарға қоспақ және елдегі бір клубты толығымен сатып алуға ниетті.
Абдуқодир Хусановтың "Манчестер Сити" сапына ауысуы бұл шешімнің негізгі себептерінің бірі болған. Умаровтың айтуынша:
«Хусанов “Манчестер Сити”-ге ауысқаннан кейін клубтың жанкүйерлері 100 миллионға көбейді. Өзбекстанда 37–38 миллион адам бар десек, бұл трансфер арқылы бүкіл Орталық Азия “Сити”-дің фанатына айналды. Енді олар тағы бір өзбек ойыншысын және бір жергілікті клубты City Football Group қатарына қоспақ», – деді ол.
Қазіргі уақытта City Football Group пен Өзбекстандағы клубтардың бірі арасында келіссөздер жүріп жатыр. Егер мәміле сәтті аяқталса, бұл оқиға Өзбек футбол тарихындағы ғана емес, бүкіл Орталық Азия үшін де алғашқы ірі халықаралық инвестиция болмақ.
Сарапшылардың пікірінше, бұл бастама өңір футболының даму деңгейінің өсуімен байланысты. Мысалы, Тәжікстан ұлттық құрамасы Азия кубогының плей-офф кезеңіне шықса, Өзбекстан 2026 жылғы әлем чемпионатына жолдама алды.
City Football Group құрамында қазірдің өзінде әлемнің түкпір-түкпірінен ондаған клуб бар. Холдинг иелік еткен командалардың көпшілігі инфрақұрылым, академиялық жүйе, скаутинг пен медиа менеджмент жағынан серпіліс жасаған.
Жаңа өзбек ойыншының аты аталмағанымен, оның жас әрі халықаралық жарыстарда көзге түскен талант болуы ықтимал.
2024 жылдың қысында Абдуқодир Хусанов “Манчестер Сити”-ге ауысып, Англия Премьер-лигасындағы алғашқы өзбек футболшы атанды. Содан бері ол клуб сапында 10 матч өткізіп, Англия кубогында алғашқы голын соқты. Оның Пеп Гвардиоламен тығыз жұмыс істеп жатқаны – Өзбек футболына берілген тарихи мүмкіндік.