
Ол ресми матчтарда 9 гол соғып, өз қатарластарын артта қалдырды.
«Қайрат» пен Қазақстан құрамасының жас шабуылшысы Дастан Сәтпаев 2025 жылғы әлемдегі ең нәтижелі 16 жастағы футболшы ретінде танылды. Бұл мәліметті беделді Noite de Copa статистикалық бөлімі жариялады.
16 жастағы Дастан Сәтпаев 2025 жылы ресми матчтарда 9 гол соғып, өз қатарластарынан озық шықты. Бұл тізімге Қазақстан Премьер-лигасындағы, Қазақстан кубогындағы және ұлттық құрама сапындағы кездесулер кірген.
Алматылық «Қайрат» клубының шабуылшысы биылғы маусымда 15 матчта 8 гол соғып, 3 нәтижелі пас берген. Сонымен қатар, ол Қазақстан кубогында 2 ойында 1 гол еншілеген.
Талантымен көзге түскен Дастан Қазақстан ұлттық құрамасына да шақырылып үлгерді. Ол 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу аясында 3 матчқа қатысып, тәжірибе жинап жатыр.
2024 жылдың қысында Англияның «Челси» клубы Дастан Сатпаевты сатып алу туралы келісімге келген. Бұл — Қазақстан футбол тарихындағы ең ірі трансферлік мәміле саналады.