Майамидегі атақты "Хард Рок" стадионындағы клубтық чемпионаттың 1/8 финалдық кезеңі жанкүйерлерге нағыз футбол спектаклін сыйлады. "Бавария" Бразилияның мықты ұжымы — "Фламенгоны" 4:2 есебімен жеңіп, ширек финалға жолдама алды.
Ойынның алғашқы минуттарынан бастап "Бавария" қарсыласын қысымға алды. 6-минутта "Фламенгоның" жартылай қорғаушысы Эрик Пульгар өз қақпасына гол соғып қойды. Бұл немістердің шабуылын одан әрі үдетті.
Араға үш минут салып, Гарри Кейн есепті 2:0-ге жеткізді. Осылайша ол клубтық чемпионаттағы голдар санын арттырып, тағы бір мәрте көшбасшы екенін дәлелдеді.
Бразилиялық клуб та қарап қалмады. 33-минутта Жерсон "Фламенгоның" үмітін қайта тірілтіп, есеп айырмасын қысқартты. Алайда бірінші таймның соңына қарай Леон Горецка алыстан бағыттаған соққысымен есепті 3:1-ге жеткізді.
Екінші таймда бразилиялықтардың белсенділігі артты. 55-минутта Жоржиньо пенальтиден мүлт кетпей, "Фламенгоның" екінші голын соқты. Бірақ 73-минутта Гарри Кейн дубль жасап, матчтың нүктесін қойды.
Бұл жеңістен кейін "Бавария" клубтық чемпионаттың ширек финалында Франция чемпионы — "Пари Сен-Жерменмен" кездеседі. Айта кетейік, париждіктер 1/8 финалда "Интер Майамиді" 4:0 есебімен оңай жеңген болатын.
Сондай-ақ, ширек финалда "Палмейрас" пен "Челси" бір-біріне қарсы ойнайды.