Ағылшын Премьер-лигасында жаңа маусым алдындағы маңызды ауыс-түйістердің бірі: 19 жастағы «Ливерпуль» шабуылшысы Бен Доак «Борнмутпен» жеке келісімге келді.
Фабрицио Романоның мәліметінше, трансфердің ресми түрде жариялануы жақын. Transfermarkt дерегіне сәйкес, Доактың қазіргі нарықтық бағасы €14 млн. Дегенмен «Борнмут» жас вингер үшін £25 млн төлеуге дайын. Бұл клуб ойыншыға тұрақты ойын тәжірибесін беріп, дамуына жол ашпақ.
Доакқа бұған дейін Португалияның атақты клубы — «Порту» да қызығушылық танытқан еді. Алайда, соңғы кезеңде португалдық тарап келіссөздерден бас тартты. Осылайша, «Борнмут» шотландиялық вингерді еш кедергісіз өз сапына қосты.
2024/25 маусымын Доак жалға алу құқығымен «Мидлсбро» командасында өткізді. Чемпионшипте ол 24 матчқа шығып, 3 гол соғып, 7 нәтижелі пас берді. Бұл статистика оның әлеуетін айқындап, Премьер-лига клубтарының назарын аударды.
Шотландиялық футболшы 2022 жылы «Селтиктен» «Ливерпульге» ауысты. Екі жыл ішінде мерсисайдтықтардың негізгі құрамында 10 ойынға қатысқанымен, нәтижелі әрекеттерімен көзге түсе алмады. Оның клубпен келісімшарты 2026 жылға дейін жарамды болатын.