"Қайрат" клубының медициналық штабы жарақатынан айығып жатқан Жоао Паулоның жағдайы туралы ресми ақпарат таратты. Қазір бразилиялық шабуылшы клуб базасында қалпына келу кезеңінен өтіп жатыр. Бұл туралы команданың физиотерапевті Тиаго Пинто Instagram желісінде хабарлады.
Пинто әлеуметтік желіде Жоао Пауломен бірге өткізген жаттығу видеосын жариялады. Ол жазбасында:
"Біздің ойыншымыз күн сайын алға жылжып келеді. Жақында сен бұрынғыдан да мықты болып ораласың!" – деп атап өтті.
2025 жылғы ҚПЛ маусымында 37 жастағы бразилиялық тек 4 матчқа қатысып, 1 гол соққан. Сәуір айында ауыр жарақат алып, тізесіндегі айқаспалы сіңірі үзілді. Маусымда операция жасалып, содан бері алаңға шыққан жоқ.
2024 жылғы маусымда Жоао Пауло "Қайрат" сапында 24 ойын өткізіп, 10 гол соғып және 2 нәтижелі пас берген. Ол сол кезде команданың басты шабуылдық күштерінің бірі болған еді.