Шерхан Қалмырзаға Испания Ла Лигасының клубтары қызығушылық танытты
Қазақстандық жас қақпашысы Еуропа скауттарының назарына ілікті.
Испаниялық сарапшының пікірі
Бұл туралы испаниялық сарапшы әрі Marca басылымының журналисі Давид Руис мәлімдеді.
“Скауттар «Қайрат» ойыншыларын «Селтикке» дейін-ақ бақылап жүргені анық. Ал Чемпиондар лигасының негізгі кезеңі — мүлде басқа деңгей. Сондықтан Шерханның осындай ойынынан кейін оған Еуропаның үздік чемпионаттарынан, соның ішінде Ла Лига клубтарынан қызығушылық болуы заңды. Ол — тамаша деректері бар қақпашы. Оның жасы небәрі 18-де ғана”, — деді аналитик.
Чемпиондар лигасындағы дебют
Айта кетейік, «Қайраттың» түлегі Шерхан Қалмырза Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі алғашқы турда «Спортингке» қарсы матчта (1:4) пенальтиді қайтарып, жанкүйерлерді тәнті етті. Бұл оның ересектер арасындағы бар-жоғы екінші ойыны болатын.
Transfermarkt дерегіне сәйкес, жас қақпашының қазіргі трансферлік бағасы 200 мың еуро деп көрсетілген.