Испандық клуб Орталық стадиондағы газон сапасына наразылық білдірген.
Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде Алматыда «Қайратқа» қарсы матч өткізетін «Реал Мадрид» УЕФА-ға ресми хат жолдап, ерекше талап қойған. Бұл туралы Diario Madridista басылымы жазды.
Испандық клуб Орталық стадиондағы газонды қайта қырқуды сұраған. «Реалдың» өтінішінде алаңдағы шөптің биіктігі 25 миллиметрден аспауы тиіс делінген. Алайда УЕФА бұл өтінішті қабылдамады. Негізгі себеп – ереже бойынша газонның ең жоғарғы биіктігі 30 миллиметрден аспаса, ол талапқа толық сәйкес келеді. Осылайша, алаң иелері – «Қайраттың» шешімі заңды деп танылды.
«Реал» футболшылары әдетте биіктігі 20–22 миллиметр шөпте ойнауға дағдыланған. Ал соңғы жылдары кездестірген ең биік газон — «Хетафенің» алаңындағы 27 миллиметрлік көрсеткіш болды.
УЕФА-ның шешіміне сәйкес, алаңды қайта қырқу міндеттелмейді. Демек, қазақстандық клуб алаңды сол күйінде сақтай алады.