Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы (U-19) Еуро-2026 чемпионатының іріктеу кезеңінде Нидерландпен кездесіп, 1:2 есебімен жеңіліп қалды.
Бірінші таймда алаң иелері толық үстемдік танытты. Нәтижесінде Қазақстан қақпасына екі гол соғылды. 27-минутта Айоделе Томас есеп ашса, араға бес минут салып Джинайро Джонсон көрсеткішті еселей түсті. Бұл таймда қазақстандықтар шабуыл ұйымдастыруда қиындықтарға тап болды.
Ойынның соңына қарай Қазақстан құрамасы белсенділікті күшейтті. 86-минутта Алдияр Нұрғали пенальтиден дәл соққы шығарып, есепті қысқартты.
Жасөспірімдер соңғы минуттарға дейін қарсылас қақпасына қаупін арттырды. Бірақ тең есепке жету мүмкін болмады.
Қазақстан U-19 құрамасы Ирландияны 1:0 есебімен жеңіп, Нидерландтан 1:2 есебімен ұтылды.
Келесі матч 18 қараша күні Кипрге қарсы өтеді. Ережеге сай элиталық раундқа топтан алғашқы екі команда, сондай-ақ барлық топ арасындағы ең үздік үшінші орын иесі жолдама алады.