Реклама
Реклама

Коутиньоға ресейліктердің көзі түсті: Жұлдыз ойыншы қазір қайда жүр?

Сарапшы, спорт журналисі
25.02.2026, 15:35

Жуырда 33 жастағы футболшы бразилиялық "Васко да Гама" клубынан кететінін жариялаған болатын.

sports.ru

Мәскеулік ЦСКА бразилиялық жартылай қорғаушы Филиппе Коутиньоны еркін агент ретінде өз қатарына қосуды көздеп отыр. 33 жастағы футболшы жуырда түлеп ұшқан "Васко да Гама" клубынан кеткен болатын.

Ресейлік дереккөздердің мәліметінше, клуб өкілдері "Барселона" мен "Ливерпульдің" бұрынғы ойыншысымен байланысқа шыққан. Алайда трансфердің жүзеге асу ықтималдығы әзірге жоғары емес.

Коутиньоның Бразилиядағы кезеңі

Филиппе Коутиньо 2024 жылдың жазынан бастап Бразилияда өнер көрсетті. Ағымдағы маусымда ол жеті матч өткізіп, үш гол соқты. Бір нәтижелі пастың авторы. 

Осы жерде айта кетерлік бір жайт, матч санының аз болуы жарақатпен байланысты емес. Бразилия чемпионаты қаңтар айында ғана басталды. Мәселен , былтыр ол 30 матчқа қатысып, 5 гол соқты. 3 ассист жасады.

Жазда Бразилия чемпионатында "Васко" командасы "Сантосты" 6:0 есебімен ойсырата жеңді. Бұл кездесуде Коутиньо дубль жасап, жолдасы Неймарды біршама "ренжіткен" еді. Себебі Ней бұған дейін мұндай есеппен жеңіліп көрмеген. 

Фото: sports.ru

Коутиньо клубтан неге кетті?

Соңғы уақытта Коутиньо жанкүйерлер тарапынан жиі сынға ұшырай бастады. Мұндай жағдайға шыдай алмаған ойыншы жуырда командадан кететінін мәлімдеді.

"Мен ешқашан жанкүйерлерге немесе клубқа құрметсіздік танытқан емеспін.  Мен үшін психикалық денсаулық маңызды. Бұл өте ауыр шешім", – деп жазды Коутиньо.

ЦСКА бұл трансферді жүзеге асыра ала ма?

Бұған дейін ЦСКА Миралем Пьяничті қатарға қосқан еді. Босниялық жартылай қорғаушы жарқырай алмаса да, клуб бұл трансферді маркетингтік және имидждік тұрғыдан оң бағалады. Клуб басшылығы әлемдік деңгейдегі ойыншылардың Ресей чемпионатына келуі имиджге оң әсер ететінін бірнеше рет айтқан болатын. 

Коутиньоның келуі де осы стратегияның жалғасы болуы мүмкін – тәжірибелі футболшы жас ойыншыларға бағыт-бағдар беріп, клубтың мәртебесін арттыруға септігін тигізуі ықтимал.

Реклама
Реклама