Қызметтен шеттетілген қазақстандық төреші ӘЧ матчына тағайындалды
Қазақстандық арбитр Татьяна Сорокопудова әйелдер арасындағы 2027 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі матчқа тағайындалды.
Бүгін Чехия мен Черногория құрамалары арасында өтетін кездесуде Сорокопудова төреші қызметін атқарады. Чехиядағы Хомутов жазғы стадионда өтетін матч В1 лигасының іріктеу турнирінің кезеңі. В1 тобында Чехия, Черногория, Уэльс және Албания өзара бәсекелеседі. Ойындағы төрешілер бригадасының құрамында:
- ассистенттер: қазақстандық Наргис Магау, Эстония өкілі Сандра Нигулис
- төртінші төреші: молдовалық Оксана Крук
Ұлттық құрама қызметінен шеттетілді
Айта кетсек, бұған дейін Қазақстан футбол федерациясы Санжар Ысқақов пен Татьяна Сорокопудованы ҚПЛ-дің 4-туры “Ордабасы” мен “Атырау” ойынындағы өрескел қателіктері үшін ұлттық жарыстардағы матчтарда қызмет етуден уақытша шеттеткен болатын. 2025 жылы отандық төреші УЕФА төрешілерінің бірінші санатына көтерілген еді. Осыған дейін Сорокопудова Еуропа чемпионатының іріктеу ойындарында, Өзбекстан мен Иран, Әзербайжан мен Черногория арасындағы матчтарда төрешілік еткен.