Мбаппе Мессиді қуып жетті. Ал Франция тарихи рекорд орнатты
Әлем чемпионатының 1/16 кезеңінде француздар шведтерді 3:0 есебімен ойсырата жеңді.
Франция құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының 1/16 финалында Швецияны 3:0 есебімен жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды. Бұл матчта француздар әлем чемпионаттары тарихындағы ерекше рекордты жаңартты.
Squawka мәліметінше, Франция әлем чемпионаттары тарихында қатарынан бес матчта үш немесе одан да көп гол соққан алғашқы құрама атанды.
Бұл серия 2022 жылғы Қатардағы Әлем чемпионатының финалынан басталған. Сол кезде Франция Аргентинамен 3:3 есебімен тең ойнап, пенальти сериясында 2:4 есебімен жеңіліп қалған еді.
Ал биылғы турнирде француздар топтық кезеңде Сенегалды 3:1, Иракты 3:0, Норвегияны 4:1 есебімен жеңді. Енді бұл қатарға Швецияға қарсы матч қосылды.
Мбаппе Мессиді қуып жетті
Бұл кездесуде Килиан Мбаппе де айтарлықтай нәтиже көрсетті. Дубль авторы атанып, турнирдің үздік сұрмергендері тізімін бастап тұрған Лионель Мессимен теңесті. Қазір екі футболшыда да алты голдан. Бірақ аргентиналық шабуылшы әзірге бір ойын кем өткізді.
Айта кетейік, Мбаппе әлем чемпионаттарында осымен 18 рет гол авторы атанды. Соған қарамастан, турнир тарихындағы рекорд әлі де аргентиналық Лионель Мессиге тиесілі — оның еншісінде 19 гол бар.
Келесі қарсылас — Парагвай
Франция құрамасы 1/8 финалда Парагваймен кездеседі. Матч 5 шілде күні өтеді. Кездесу Астана уақытымен 02:00-де басталады.