Дастан Сәтпаевтың "Челсидегі" алғашқы жаттығуынан кадрлар жарияланды

Футбол шолушысы
01.07.2026, 17:40

"Қайрат" ФК бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев 17 жастағы шабуылшымен Кобхэмдегі базада кездесіп, оның жаңа ортаға бейімделуі туралы айтты.

instagram/@kairat4

“Челси” базасындағы жаттығу

Қазақстан құрамасының жас шабуылшысы Дастан Сәтпаевтың Англиядағы алғашқы қадамдары көпшіліктің назарын аударды. Қайрат Боранбаев Instagram парақшасында “Челсидің” Лондон маңындағы Кобхэм базасында түсірілген фото және видеоларын жариялады. .

Оның айтуынша, Сәтпаев жаңа командадағы кезеңін жақсы көңіл-күймен бастап, жаттығу процесіне толық назар аударған.

Боранбаев Дастанның дайындығын бағалады

Қайрат Боранбаев жас футболшының Лондонға жақсы физикалық дайындықпен келгенін атап өтті. Оның сөзінше, Қазақстан чемпионатының қызған шағында ойнап жүрген Сәтпаев ұзақ үзіліссіз “Челси” базасына барған.

Бұл жағдай 17 жастағы шабуылшы үшін бейімделу кезеңінде маңызды артықшылық болуы мүмкін.

“Дастанның ең бастысы – көңіл-күйі жақсы, жұмысқа толық берілген және мансабындағы жаңа кезеңді бастап кетті. Қазақстан чемпионаты жүріп жатқан уақытта Лондонға жақсы формада келуі – жас футболшы үшін үлкен плюс”, — деп жазды Боранбаев.

“Қайрат” басшылығы Сәтпаевтың Англияға жол тартуын тек бір футболшының жетістігі емес, қазақстандық футбол үшін үлкен белгі деп бағалап отыр.

Боранбаевтың пікірінше, Дастанның жолы еліміздегі мыңдаған жас ойыншыға мотивация беруі керек. Ол туған жер немесе орта адамның мүмкіндігін шектемейтінін, бәрін мінез, еңбекқорлық және күн сайын дамуға деген ұмтылыс шешетінін айтты.

Қазақстан футболы үшін тарихи трансфер

Дастан Сәтпаевтың “Қайраттан” “Челсиге” ауысуы Қазақстан футболы тарихындағы ең қымбат трансфер атанды. Келісім құны 4 миллион еуроға бағаланған.

Футболшы лондондық клубқа ресми түрде тамыз айында, 18 жасқа толғаннан кейін қосылады. Ал әзірге “Челси” инфрақұрылымымен танысып, жаңа ортаға бейімделу кезеңін бастап жатыр.

Реклама
Реклама