ӘЧ-2026: Африкадан тек екі құрама 1/8 финалына өтті

Бас редактор
Бүгін, 12:53

Бүгін 1/8 финалы ойындары өтеді. Бұл кезең Канада - Марокко матчымен басталады.

sport.orda.kz

2026 жылғы әлем чемпионатында плей-оффқа шыққан тоғыз африкалық құраманың тек екеуі ғана 1/16 финал кезеңін еңсерді. Олар - Марокко мен Египет. Қалған  жеті команда турнирмен қоштасты.

Марокко пен Египет қарсыластарын пенальти сериясында тоқтатты

Африкалық құрамалар арасынан ең маңызды жеңістердің бірін Марокко тіркеді. Марокколықтар Нидерландымен негізгі уақытта 1:1 есебімен тең ойнап, пенальти сериясында 3:2 есебімен жеңіске жетті.

1/8 финалға өткен екінші африкалық құрама — Египет. Олар Австралиямен кездесіп, негізгі уақытта 1:1 есебімен тең ойнады.

Пенальти сериясында Ммысырлықтар 4:2 есебімен қарсыластарынан басым түсіп, турнирдегі жолын жалғастыруға мүмкіндік алды.

Жеті африкалық құрама жарыстан шықты

Қалған африкалық командалар 1/16 финалда қарсыластарына есе жіберді.

Оңтүстік Африка Республикасы Канададан 0:1 есебімен жеңілді. Кот-д'Ивуар Норвегияға 1:2 есебімен жол берді. Сенегал Бельгияға қосымша уақытта 2:3 есебімен ұтылды.

Конго ДР Англиядан 1:2 есебімен жеңілсе, Кабо-Верде Аргентинаға қосымша уақытта 2:3 есебімен есе жіберді. Алжир Швейцариядан 0:2 есебімен ұтылды, ал Гана Колумбияға 0:1 есебімен жол берді.

Айта кетейік, 2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты 11 маусымда басталды және 19 шілдеде мәресіне жетеді. Биылғы турнир АҚШ, Мексика және Канадада өтіп жатыр.

Бүгін 1/8 финалы ойындары өтеді. Бұл кезең Канада - Марокко матчымен басталады.  

Реклама
Реклама