Мбаппеге тіл тигізген сенаторға ФИФА басшысы жауап берді
ФИФА президенті Джанни Инфантино Килиан Мбаппеге қатысты айтылған нәсілшіл мәлімдемелерге пікір білдіріп, мұндай әрекеттердің футболда орын алмауы тиіс екенін мәлімдеді.
Инфантино өзінің Instagram парақшасында Парагвай сенаторы Селеста Амарильяның Мбаппеге бағытталған сөздерін қатаң айыптап, футбол қауымдастығын нәсілшілдікпен бірлесіп күресуге шақырды.
“Мен Парагвай сенаторы Селеста Амарильяның Килиан Мбаппеге қатысты нәсілшіл мәлімдемелерін сөзсіз айыптаймын. Футбол әлемі мен қоғам Франция құрамасының капитанымен бірге. Біз нәсілшілдікке қарсы күресіп, оны түбегейлі жоюымыз керек”, – деп жазды.
Жанжал қалай басталды?
Оқиға әлем чемпионатының 1/8 финалында Франция мен Парагвай арасындағы кездесуден кейін өрбіді. Француздар Мбаппенің пенальтиден соққан голының арқасында 1:0 есебімен жеңіске жетті. Матч аяқталған соң Парагвай қақпашысы Орландо Хиль Мбаппе қол алыспағаннан кейін оған доп лақтырған. Осы оқиғадан соң сенатор Селеста Амарилья әлеуметтік желіде кейіннен өшірілген жазба жариялап, француз шабуылшысын “тәкаппар әрі өзін француз ретінде көрсетуге тырысатын көріксіз камерундық” деп атаған. Сондай-ақ ол парагвайлық футболшылардың ешқайсысы Мбаппеге “сабақ бермегеніне” өкініш білдірген.
Президенттер де пікір білдірді
Сенатордың мәлімдемесін Франция президенті Эммануэль Макрон, сондай-ақ Парагвай басшысы Сантьяго Пенья да айыптады. Ал Франция футбол федерациясы (FFF) Селеста Амарильяға қатысты құқықтық шара қолдануды талап етіп, прокуратураға жүгінгені белгілі болды.
Танымал футболшының өзі әлеуметтік желіде сенатордың сөздеріне жауап берді.
“Селеста Амарилья ханым, сіз өз лауазымыңызға лайық емессіз. Сіз бүкіл турнир бойы футболға деген құштарлығы мен абыройын көрсеткен Парагвай елінің атынан сөйлеуге лайық емессіз. Мен мұндай адамдарға өздерінің жеккөрушіліктері мен нәсілшілдіктерін бүкіл әлемге еркін таратуға ешқашан жол бермеймін”, – деп жазды.
Алайда Амарилья бұл жауапты “әйелге қарсы саяси және гендерлік қысым” деп бағалап, футболшыдан кешірім талап етті. Оның айтуынша, егер Мбаппе сөзін қайтарып алмаса, сотқа жүгінуі мүмкін. Айта кетейік, Франция құрамасы әлем чемпионатының ширек финалында 9 шілдеде Мароккомен кездеседі.