Абат Айымбетов мансабын "Ақтөбеде" жалғастырмақ
Ұлттық құраманың бұрынғы шабуылшысы Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсетуі мүмкін.
ASnews.kz мәліметінше, 30 жастағы футболшы жақын арада ақтөбелік команда сапына қосылады. 1 шілдеден бастап футболшының Румынияның “Петролул” клубымен жасасқан келісімшарты аяқталып, еркін агент мәртебесіне ие болды. Румыния чемпионатында қазақстандық шабуылшы сегіз матч өткізіп, бір голдың авторы атанды.
Еске салсақ, Абат Айымбетов – “Ақтөбе” футбол мектебінің түлегі. Дәл осы клуб сапында футболшы Қазақстан Премьер-лигасындағы кәсіби мансабын бастап, кейіннен “Қайрат”, “Астана”, Ресейдің “Крылья Советов” және Түркияның “Адана Демирспор” клубтарында өнер көрсетті.
Ұлттық құрама сапындағы нәтиже
Айымбетов ұлттық құрама сапында 45 матчқа қатысып, 9 гол соғып, 3 нәтижелі пас берген. Оның ұлттық құрамадағы соңғы ойыны 2025 жылдың наурызында Уэльске қарсы өткен матч болды. Transfermarkt порталы шабуылшының трансферлік құнын 250 мың еуро деп бағалайды.
“Ақтөбенің” қазіргі көрсеткіші
Қазақстан Премьер-лигасы бойынша “Ақтөбе” клубы қазір 25 ұпаймен турнирлік кестеде жетінші орында тұр. 12 шілдеде ҚПЛ-дың 17-туры аясында “Астанамен” сырт алаңда өткен кездесуде ақтөбеліктер 3:2 есебімен жеңілген болатын.