"Ситидің" қаржылық заңбұзушылықтарынан 35 клуб зардап шекті
"Манчестер Ситидің" қаржылық заңбұзушылықтары салдарынан 35-тен астам футбол клубы ықтимал табысынан айырылған.
Жалпы шығын көлемі 844 миллион фунт стерлингке бағаланып отыр. Англия Премьер-лигасының тәуелсіз комиссиясы "Манчестер Ситиді" 2009-2018 жылдар аралығында коммерциялық келісімдердің құнын қолдан өсіріп көрсетуге және қызметкерлерге төленетін шығындарды жасыруға қатысты кінәлі деп таныған.
"Тоттенхэм" ең көп шығынға ұшыраған клубтардың бірі
BBC есебіне сәйкес, "Тоттенхэм" шамамен 119,9 миллион фунт стерлинг табыстан қағылған. Клубтардың ықтимал қаржылық шығындарын есептеу кезінде АПЛ, ұлттық кубоктар және еурокубоктардағы жүлде ақшалары, сондай-ақ жоғары дивизионнан төмен түсу салдары ескерілген.
Аталған кезеңде "Тоттенхэм" Чемпиондар лигасына жолдама беретін орыннан төрт рет бір саты төмен аяқтаған. Сол уақытта "Манчестер Сити" еурокубокқа қатысу құқығына ие болған. Егер лондондық клуб Чемпиондар лигасына шыққанда, кемінде 148,2 миллион фунт стерлинг табыс табуы мүмкін еді.
Тағы қандай клубтар зардап шекті?
"Тоттенхэмнен" бөлек, "Челси", "Манчестер Юнайтед", "Эвертон" және "Арсенал" да Чемпиондар лигасына жолдама беретін орыннан бір саты төмен аяқтаған маусымдар болған. BBC дерегінше, ең көп табысын жоғалтқан бес клуб тізімі:
- "Тоттенхэм" — 119,9 млн фунт;
- "Халл Сити" — 99 млн фунт;
- "Эвертон" — 66,4 млн фунт;
- "Суонси Сити" — 63,1 млн фунт;
- "Ньюкасл" — 60,5 млн фунт.
Дереккөз: bbc.com
"Халл Сити", "Суонси Сити" және "Ньюкасл" клубтарының есептелген шығынының едәуір бөлігі жоғары дивизионнан төмен түсуімен байланысты. Аталған тізімде қазақстандық футболшы Дастан Сәтпаев өнер көрсететін "Бернли" клубы да бар. Клубқа қаржылық даудан келген залал шамамен 31 млн фунтқа (18 миллиард теңге) бағаланған.
Жалпы шығын 844 миллион фунттан астам
Басылым есебіндегі ықтимал қаржылық шығындардың құрылымы мынадай:
- 188,2 млн фунт — Англия Премьер-лигасындағы жүлде ақшасынан қағылу;
- 349,7 млн фунт — Премьер-лигадан төмен түсудің салдары;
- 217,8 млн фунт — Чемпиондар лигасынан табыссыз қалу;
- 88,3 млн фунт — ұлттық кубоктардағы жетістіктер мен Еуропа лигасына қатысудан жоғалған табыс.
Егер тәуелсіз комиссия клубты осы титулдардан айыру туралы шешім қабылдаса, алты клуб трофейлерге үміткерлер қатарында болуы мүмкін. Айта кетейік, 844 миллион фунт стерлинг - BBC бағалаған ықтимал жоғалған табыс көлемі. Бұл сома клубтарға төленуі тиіс өтемақы ретінде бекітілген жоқ.