Максим Самородов тағы да клуб ауыстыруы мүмкін
"Ахмат" клубы Қазақстан құрамасының шабуылшысы Максим Самородовтың "Спартакқа" ауысуы бойынша келіссөздерді қайта бастауға дайын. Клубтың спорт директоры Руслан Газзаев тараптардың ортақ мәміліге келуі мүмкін екенін айтты.
Қазақстандық шабуылшы Максим Самородов Мәскеудің "Спартак" клубына ауысуы мүмкін. "Ахмат" өкілі футболшының трансфері бойынша мәскеулік клубпен келіссөздер бұрын болғанын және алдағы уақытта қайта жалғасуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Десе де, грозныйлық клубтың спорт директоры Руслан Газзаев қазіргі уақытта "Спартакпен" нақты келіссөз жүріп жатпағанын айтты.
"Бүгінгі таңда "Спартакпен" ешқандай келіссөз жоқ, бірақ олар бұрын болған. Трансфер әртүрлі себептерге байланысты жүзеге аспады. Мүмкін, осы трансферлік терезеде немесе қысқы кезеңде ортақ мәміліге келерміз. Біз оған дайынбыз. Егер "Спартак" келіссөзді жалғастырғысы келсе, клубтар ортақ шешімге келеді деп үміттенемін. Бірақ бүгінгі күні келіссөз жоқ", — деді Газзаев.
"Спартак" бірнеше ұсыныс жасаған
Бұған дейін мәскеулік клуб қазақстандық шабуылшы бойынша бірнеше ұсыныс жасағаны хабарланды.
Журналист Анар Ибрагимовтың мәліметінше, соңғы ұсыныс бонуспен бірге 8 миллион еуроны құраған.
БАҚ мәліметтеріне сүйенсек, Максим Самородовтың "Спартакпен" жеке келісімшарт талаптары келісілген.