Жарнама
Жарнама

Қазақстандық миллионер "Астананың" жаңа қожайыны атануға жақын

Журналист Ермұхамед Мәуленнің жазуынша, әзірге тараптар Бақтияр Оспановтың клубты сатып алғаны немесе меншік құқығын алғаны туралы ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Сондықтан мәміленің заңдық тұрғыда аяқталғаны жөніндегі ақпарат қосымша растауды қажет етеді.

Қазақстандық миллионер "Астананың" жаңа қожайыны атануға жақын
forbes.kz

“Астана” бұрыннан жекешелендіру процесінде

“Астана” ФК 2025 жылдың қарашасында жеке меншікке берілуі тиіс нысандардың қатарына енгізілген.

2025 жылдың соңында Қазақстанның туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов елордалық клубқа қызығушылық танытып отырған инвесторлар бар екенін мәлімдеген. Бірақ жекешелендіру рәсімі аяқталғанға дейін олардың аты-жөні жарияланбады.

2026 жылдың сәуіріндегі мәлімет бойынша “Астананың” құрылтайшысы “Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры” болып қала берген. Бұған дейін клубтың ықтимал инвесторлары ретінде бірнеше қазақстандық кәсіпкердің есімі аталғанымен, олардың ешқайсысы ресми түрде жаңа меншік иесі деп жарияланбаған.

Бақтияр Оспанов кім?

Бақтияр Оспанов – Қазақстанның агроөнеркәсіп саласындағы ірі кәсіпкерлерінің бірі. Forbes Kazakhstan мәліметінше, 46 жастағы бизнесмен 2026 жылғы Қазақстанның ең бай 75 кәсіпкері рейтингінде 75-орынға орналасқан. Оның дәулеті 95 миллион АҚШ долларына бағаланады.

Оспанов “Қазақстанның астық консорциумы” ЖШС-нің 75 пайыз үлесіне иелік етеді. Оның серіктесі – “Бәйтерек” ұлттық басқарушы холдингі.

Агрохолдинг құрамында 22 ауыл шаруашылығы кәсіпорны, алты элеватор, екі диірмен кешені және сауда мен сервистік бағыттағы бірқатар компания бар. Компанияның жер қоры 900 мың гектардан асады. Оның шамамен 350 мың гектары егістік мақсатында пайдаланылады. Негізгі активтері Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында орналасқан.

“Астананы” жаңа деңгейге көтере ала ма?

Жеке инвестордың келуі елордалық клубтың қаржылық моделіне елеулі өзгеріс әкелуі мүмкін.

Қазақстан футболында соңғы уақытта командаларды жеке бизнеске беру процесі қарқын алды. “Ақтөбе”, “Қайсар”, “Қызылжар”, “Жеңіс” және “Шахтер” секілді бірқатар клубқа қазақстандық ірі кәсіпкерлер инвестиция сала бастады.

“Астана” да осы бағыттағы ең ірі жобалардың біріне айналуы ықтимал. Клуб Қазақстан чемпионатында бірнеше рет топ жарған және бұған дейін УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде өнер көрсеткен.

Егер Бақтияр Оспановтың клубқа келуі ресми түрде бекітілсе, оның алдында команданың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету, инфрақұрылымды дамыту, академия жұмысын күшейту және “Астананы” еурокубоктардағы бұрынғы деңгейіне қайтару секілді маңызды міндеттер тұруы мүмкін.

Жарнама
Жарнама