Жарнама
Жарнама

"Ордабасы" камбэк жасап, Қазақстан кубогының финалына шықты (ВИДЕО)

Шымкенттік "Ордабасы" Қазақстан кубогының жартылай финалындағы қарымта кездесуде Өскеменнің "Алтайынан" басым түсті.

"Ордабасы" камбэк жасап, Қазақстан кубогының финалына шықты (ВИДЕО)
instagram.com/fc__ordabasy/

“Алтай” матчты сәтті бастаған

Алаң иелері кездесудің алғашқы минуттарынан белсенді ойнады. Небәрі 3-минутта Дарко Додев есеп ашып, “Алтайды” алға шығарды. Бірақ шымкенттік команда жылдам ес жиып, ойын барысын өз пайдасына өзгерте алды.

Бірінші тайм аяқталғанға дейін Берн Йонсен таразы басын теңестірсе, кейін Жасұлан Әмір “Ордабасыны” алға шығарды. Нәтижесінде үзіліске дейін есеп 1:2 болды.

Екінші таймда есеп өзгерген жоқ

Үзілістен кейін екі команда да бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Алаңда тартыс күшейіп, футболшылар арасында жанжал да болды. Соған қарамастан қалған уақытта командалар гол соға алмады. Қорытынды есеп – 1:2.

Осылайша шымкенттіктер жартылай финалдың қос кездесуінде де “Алтайдан” басым түсіп, Қазақстан кубогының алғашқы финалисі атанды.

Енді “Ордабасы” шешуші кездесуде екінші жартылай финал жұбының жеңімпазымен кездеседі.

Жарнама
Жарнама