"Қайраттың" қарсыласы Алматыдағы жаттығудан әсерлі кадрлар жариялады
Бельгияның "Андерлехт" клубы Еуропа лигасындағы "Қайратқа" қарсы маңызды матч қарсаңында Алматының Орталық стадионында жаттығу өткізді.
“Андерлехт” футболшысы алаң сапасына пікір білдірді
Матч алдындағы баспасөз мәслихатында бельгиялық команданың ойыншысы Лукаш Амброс стадион газонын алдын ала тексергендерін айтты. Оның сөзінше, алаң жалпы алғанда матч өткізуге жарамды, бірақ кейбір бөліктерінде мәселе бар.
“Біз алаңды көріп, шөптің жағдайын тексердік. Жалпы алғанда қанағаттанарлық. Дегенмен кейбір шағын учаскелерде көгалдың сапасы жақсы емес”, – деді Амброс.
Әлеуметтік желілерде де алаңның зақымданған тұстары түсірілген фотосуреттер тарады.
“Сылтау іздемейміз”
“Андерлехттың” бас бапкері Виктор Бруно өз кезегінде алаңның жағдайын ықтимал сәтсіздікке себеп ретінде пайдаланбайтындарын мәлімдеді.
“Біз алаң жағдайын сылтау еткіміз келмейді. Өзімізге байланысты емес дүниелерге шағымданудың қажеті жоқ”, – деді маман.
Осылайша бельгиялық ұжым Алматыдағы газонның кейбір кемшіліктеріне қарамастан ойынға толық дайын екендерін аңғартты.
Орталық стадионның көгалы неге талқыланып жатыр?
Матч қарсаңында Алматыдағы Орталық стадионның алаңы әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті.
Бұған дейін стадионда америкалық рэпер Канье Уэсттың ауқымды концерті өткен. Осыдан кейін желі қолданушылары көгалдың кей жерлері бүлінгенін және сапасы төмендегенін жазған.
“Қайраттың” бас бапкері Рафаэль Оразбахтин де бұл мәселеге тоқталып, алаңның кей бөліктерінде шөптің күйіп кеткен тұстары бар екенін мойындады. Соған қарамастан маман газон футбол ойнауға жарамды деңгейде екенін атап өтті.