Бақтиер Зайнутдинов Қазақстанға орала ма? Трансферге қатысты тың дерек шықты
Қазіргі таңда отандасымыз мәскеулік "Динамо" ойыншысы. Алайда жарақатына байланысты алаңға шықпай жүр.
Қазақстан ұлттық құрамасының футболшысы Бақтиер Зайнутдиновтың мәскеулік "Динамодан" Қарағандының "Шахтеріне" ауысуы мүмкін деген ақпаратқа қатысты жаңа мәлімет пайда болды.
Ресейлік "Мутко против" Telegram-арнасының хабарлауынша, 28 жастағы футболшының Қазақстанға оралуы туралы ақпарат шындыққа жанаспайды.
Бұған дейін қазақстандық БАҚ-та Бақтиер Зайнутдиновтың мансабын Қарағандының "Шахтерінде" жалғастыруы мүмкін екені жазылған еді.
"Қазақстандық БАҚ "Динамо" футболшысы Бақтиер Зайнутдинов мансабын Қарағандының "Шахтерінде" жалғастыруы мүмкін деп жазып жатыр. Бірақ бұл – жалған ақпарат. Біздің мәліметіміз бойынша, Бақтиер жарақатынан тезірек айығып, қайта қатарға қосылуға үміттеніп отыр. Кем дегенде қысқа дейін ешқайда кетуді жоспарлап отырған жоқ", – деп жазды "Мутко против" арнасы.
Соңғы рет қашан алаңға шықты?
Бақтиер Зайнутдинов соңғы рет Ресей Премьер-лигасының өткен маусымындағы 12-турда "Ахматқа" қарсы кездесуде алаңға шықты.
Одан кейін футболшы жарақатына байланысты ойындарға қатыса алмады.
28 жастағы қазақстандық футболшы мәскеулік "Динамоға" 2025 жылдың шілдесінде ауысты. Ол клубпен 2029 жылдың жазына дейін жарамды келісімшартқа қол қойған болатын.