Дастан Сәтпаев негізгі құрамда шыққан матчта "Бернли" ойсырай жеңілді
Қазақстан құрамасының 18 жастағы шабуылшысы Дастан Сәтпаев Чемпионшиптегі алғашқы матчын "Норвичке" қарсы негізгі құрамда бастады.
"Бернли" бес минутта екі гол жіберіп алды
Чемпионшиптің үшінші турындағы кездесу Норидж қаласындағы "Карроу Роуд" стадионында өтті. Алаң иелері ойынның алғашқы минуттарынан-ақ басымдықты қолға алды.
Екінші минутта "Норвич" шабуылшысы Мохаммед Туре есеп ашса, арада үш минут өткенде Андре Брукс екінші гол соқты. 21-минутта Туре дубль жасап, есепті 3:0-ге жеткізді.
"Бернлидің" жартылай қорғаушысы Джош Лорент 27-минутта бір голмен жауап берді. Дегенмен 67-минутта Брукс те өзінің екінші добын соғып, матчтың соңғы есебін белгіледі – 4:1.
77-минутта Джош Лорент екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды.
Сәтпаев Чемпионшипте алғаш рет негізгі құрамға енді
Дастан Сәтпаев матчты алғашқы минуттан бастады, дегенмен гол соғып немесе нәтижелі пас беріп көзге түсе алмады. Бұл – қазақстандық футболшының Чемпионшип аясындағы кездесуде алғаш рет негізгі құрамда алаңға шығуы.
Үш турдан кейін "Бернлидің" еншісінде бір ұпай бар. Команда Чемпионшип кестесінде 21-орында тұр. Үш ұпай жинаған "Норвич" 15-сатыға көтерілді.