"Алтын доп" иегері қашан анықталатыны белгілі болды
2025/26 маусымының қорытындысы бойынша берілетін "Алтын доп" жүлдесінің биылғы үміткерлері мен марапаттау рәсімінің өтетін күні белгілі болды.
Жүлденің барлық санаттары бойынша дайындалған қысқа тізім 8 қыркүйекте жарияланады. Ерлер мен әйелдер арасындағы басты жүлдеге 30 футболшыдан үміткер болады.
Сонымен қатар үздік жас ойыншы, қақпашы, жаттықтырушы, шабуылшы және жылдың үздік клубы аталымдары бойынша да номинанттар анықталады. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 26 қазанда Лондонда өтеді. Бұл "Алтын доп" тарихында салтанатты кештің Парижден тыс жерде алғаш рет ұйымдастырылуы.
Жеңімпазды кімдер анықтайды?
Марапат иелерін халықаралық қазылар алқасының құрамындағы журналистер анықтайды. Әр журналист қысқа тізімнен 10 ойыншыны таңдап, оларды жеке нәтижелері, командалық жетістіктері мен жүлделері, сондай-ақ алаңдағы және алаңнан тыс тәртібі бойынша бағалайды.
Өткен жылғы "Алтын доптың" иегері - Усман Дембеле болса, жүлде тарихындағы рекорд Лионель Мессиге тиесілі. Аргентиналық футболшы бұл марапатты сегіз рет жеңіп алған.
Кейн басты фаворит атанды
Номинанттар ресми түрде жарияланбай тұрып, шетелдік БАҚ биылғы басты үміткерлерді анықтап жатыр. GOAL порталының рейтингінде "Бавария" шабуылшысы Харри Кейн бірінші орында тұр. Үздік ондыққа Ламин Ямаль, Лионель Месси, Майкл Олисе, Килиан Мбаппе, Родри, Усман Дембеле, Эрлинг Холанд, Хвича Кварацхелия және Пау Кубарси кірген.
Ал The Independent өз рейтингінде Испания құрамасының жартылай қорғаушысы Родриді басты фаворит деп таныды.