"Бернли" Сәтпаевқа қатысты маңызды шешім қабылдады
Англия чемпионатында өнер көрсететін "Бернли" алдағы үзілісті оқу-жаттығу жиынын өткізуге пайдалануды жоспарлап отыр.
Бұл кезең 18 жастағы қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаев үшін де маңызды болмақ.
"Бернли" осы сенбіде "Дерби Каунтиге" қарсы маңызды матч өткізгеннен кейін ресми ойындарсыз үш апталық үзіліске шығады. Команданың бас бапкері Ники Хайен осы үзіліс кезінде арнайы оқу-жаттығу жиынын ұйымдастыру мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтты.
"Біз оқу-жаттығу жиынына барып, тәулік бойы бірге болып, бір-бірімізді жақсырақ танып, мүмкін болған ең жоғары деңгейге шығуды ойластырып жатырмыз", — деді бельгиялық маман.
Жаттықтырушылар штабының пікірінше, үш-төрт күн сайын өтетін тығыз ойын кестесі жаңа ойыншылардың командаға бейімделуіне және тактикалық дайындыққа жеткілікті уақыт бермеген. Дегенмен жиын өткізу туралы түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ. Клуб басшылығы негізгі құрамдағы қанша футболшының ұлттық командаларына шақырылатынын ескеруі қажет.
Сәтпаев "Бернлиде" дайындығын жалғастырады
Бұл үзіліс Дастан Сатпаев үшін ерекше маңызды. Лондондық "Челсиден" жалға алу шартымен ауысқан қазақстандық шабуылшы санның артқы бөлігіндегі жарақатынан кейін қалпына келіп жатыр. Осы жарақатына байланысты Сәтпаев Қазақстан құрамасының Ұлттар лигасындағы алдағы матчтарына қатыса алмайды.
Сондықтан шабуылшы ұлттық командаға қосылмай, англиялық клубпен бірге қалады. "Бернлидің" оқу-жаттығу жиыны қазақстандық шабуылшыға оңалту процесін аяқтап қана қоймай, чемпионат қайта басталғанға дейін бас бапкердің тактикалық жүйесіне бейімделуге мүмкіндік береді деп күтілуде.