Дастан Сәтпаев ұлттық құрамадан тыс қалуы мүмкін
Соңғы шешім Қазақстан құрамасы мен ағылшын клубының медициналық штабтары арасындағы қосымша консультациядан кейін қабылданбақ.
Қазақстан құрамасының 18 жастағы шабуылшысы Дастан Сәтпаев ұлттық команданың алдағы сырт алаңдағы матчтарына қатыспауы ықтимал.
"Бернли" футболшысының жағдайы бойынша түпкілікті шешім Қазақстан құрамасы мен ағылшын клубының медициналық штабтары арасындағы қосымша консультациядан кейін қабылданады.
"Мидлсброға" қарсы матчта жарақат алды
Сәтпаев Англия Чемпионшипінде "Мидлсброға" қарсы кездесуде жарақат алды. Осыдан кейін оның Қазақстан құрамасының алдағы матчтарына қатысуына қатысты мәселе туындады. Қазіргі таңда шабуылшының толық дайын болуы екіталай деп бағаланып отыр.
AmanVibe дерегінше, алдағы күндері Қазақстан құрамасының медициналық штабы ағылшын әріптестерімен қайта байланысады. Кеңес барысында Сәтпаевтың қазіргі жағдайы, қалпына келу динамикасы талқыланады. Содан кейін ғана шабуылшының ұлттық құрамаға қосылу-қосылмауы жөнінде нақты шешім қабылданбақ.
18 жастағы форвард Англияға ауысқаннан кейін ерекше назарға ілікті және "Бернли" сапындағы ойындары арқылы ұлттық команда үшін маңызды опциялардың біріне айналды.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы 2 қазан күні Молдоваға қарсы матч өткізеді. Ұлттар лигасы аясындағы ойын 19:00-де "Астана Аренада" өтеді.