Румыния футболында қара қағаз пайда болды
Енді жасөспірімдер матчтарында ата-аналар мен жанкүйерлердің орынсыз әрекеті үшін қара қағаз қолданылады.
Румыния футбол федерациясы (FRF) балалар футболында жаңа тәртіп енгізді.
Федерация бұл бастаманың негізгі мақсаты балаларға қысым көрсетуді, мазақтауды және трибунадан болатын агрессияны азайту екенін мәлімдеді.
Қара қағаз кімге көрсетіледі?
Жаңа ереже ойыншыларға емес, трибунадағы көрермендерге арналған.
Егер ата-ана немесе жанкүйер:
- балаға қысым көрсетсе;
- қорлайтын сөз айтса;
- төрешіге немесе қарсыласқа агрессивті әрекет етсе;
- матч атмосферасын бұзса, оған қара қағаз қолданылуы мүмкін.
FRF бұл жүйені U7-ден U16-ға дейінгі жасөспірімдер жарыстарында пайдалануды жоспарлап отыр.
"Футбол балалар үшін қуаныш болып қалуы керек"
Румыния футбол федерациясы жаңа бастамаға қатысты арнайы мәлімдеме жасады.
"Футбол балалар үшін ойын, қуаныш және дұрыс дамудың ортасы болып қалуы керек", – делінген федерация хабарламасында.
FRF сондай-ақ өзін трибунадағы көрермендердің тәртібін бақылау үшін арнайы ереже енгізген әлемдегі алғашқы футбол федерациясы атанып отыр.