Жалақы жоқ. "Жетісу" ойыншылары бойкот жариялады
Қолда бар мәлімет бойынша команданың бірқатар легионері жаттығу процесіне қатысудан бас тартқан.
Талдықорғандық "Жетісу" клубында қаржылық қиындық туындап, команданың бірқатар легионері жаттығу процесіне қатысудан бас тартты. Бұл туралы блогер Елдар Аманбаев хабарлады.
Оның айтуынша, клуб кейбір шетелдік футболшыларға бірнеше айдың жалақысын әлі төлемеген.
"Бұған дейін клуб легионерлерінің жалақысы кешігіп жатқанын хабарлағанмын. Қазіргі таңда "Жетісу" кейбір шетелдік футболшыларға үш айдың еңбекақысын бермеген. Енді жағдай одан әрі ушыққан. Бүгіннен бастап легионерлердің бір бөлігі төлемдердің болмауына байланысты жаттығуға қатысудан бас тартты", – деп жазды ол.
Бұл ақпарат әзірге клуб тарапынан ресми түрде расталған жоқ.
"Жетісу" ҚПЛ-да 16-орында
Талдықорғандық команда Қазақстан Премьер-лигасында қалу үшін күресіп жатыр.
26 матчтан кейін "Жетісудың" еншісінде 22 ұпай бар. Команда турнир кестесінде 16-орында орналасқан.
Соңғы турда талдықорғандықтар өз алаңында "Каспийге" 1:2 есебімен жеңілді.