Қазақстан жастар құрамасы Ирландияға үш гол соқты
Футболдан Қазақстанның 21 жасқа дейінгі құрамасы Еуро-2027 іріктеу кезеңінде Ирландиямен сырт алаңда кездесіп, 3:4 есебімен жеңілді.
Литош пен Кәрімов бірінші таймда көзге түсті
Қазақстан құрамасы алғашқы минутта-ақ алға шықты. Рамазан Кәрімовтың пасынан кейін Артем Литош қарсылас қақпаны дәл көздеді.
Алаң иелері 21-минутта Алекс Мерфидің голымен есепті теңестірді. Ал 29-минутта Джейми Маллинс Ирландияны алға шығарды.
Дегенмен қазақстандықтар үзіліске дейін жауап қайтарды. 38-минутта Литоштың пасын қабылдаған Кәрімов алыстан жойқын соққы жасап, допты қақпаның төменгі бұрышына бағыттады.
Шешуші гол пенальтиден соғылды
Екінші таймның басында Ирландия қайтадан басымдыққа ие болды. 48-минутта Сэм Кертис бұрыштамадан асырылған допты баспен қақпаға енгізді. Арада төрт минут өткенде Сұлтан Асқаров есепті 3:3-ке жеткізді.
Кездесудің шешуші сәті 85-минутта тіркелді. Қазақстандық қақпашы Шерхан Қалмырза өз айып алаңында ереже бұзып, төреші пенальти белгіледі. 86-минутта Том Лонерган он бір метрлік соққыны голға айналдырды.
Ойын соңында Артем Литош екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды. Қалған уақытта есеп өзгерген жоқ.
Осы нәтижеден кейін Қазақстан жастар құрамасы төрт ұпаймен D тобындағы соңғы орында қалды.
Владимир Чебуриннің шәкірттері келесі кездесуін 6 қазанда сырт алаңда Молдоваға қарсы өткізеді..