Ла Лига футболшысы Қазақстан құрамасына қосылуы мүмкін
18 жастағы орталық қорғаушы Роман Мартин Қазақстанмен байланысы барын жасырмады.
"Вильярреал" академиясында өнер көрсететін 18 жастағы орталық қорғаушы Роман Мартин Қазақстанмен байланысы туралы айтып, болашақта ұлттық құрама сапында ойнауы мүмкін екенін меңзеді.
ASnews.kz мәліметінше, Валенсияда туған футболшының анасы Қазақстаннан шыққан. Мұны Роман Мартин өзі де растады.
"Шын мәнінде, анам Қазақстан азаматы болды. Бұл – оның туған жері. Өзім орыс тілін түсінемін және аздап сөйлеймін, бірақ оқып-жаза алмаймын", – деді футболшы.
Дегенмен, әзірге оның Қазақстан құрамасына шақырту алғаны туралы ресми ақпарат жоқ.
Қазақстандық жас футболшыларды таниды
Мартин "Вильярреал" құрылымындағы Қазақстан U-17 құрамасының ойыншысы Сәлім Хасановты жақсы білетінін де айтты.
"Әрине, Сәлім туралы көп естідім. Сондай-ақ Алдияр Нұрғалимен де жақсы қарым-қатынастамын", – деді ол.
Роман Мартин осы жылдың қыркүйегінде "Левантеден" "Вильярреалға" ауысып, ұзақмерзімді келісімшарт жасасты.
Бойы 196 сантиметр болатын қорғаушы жуырда UEFA Жастар лигасында "Боруссияға" қарсы кездесуде дебют жасады. Матч 3:2 есебімен аяқталды.