Жарнама
Жарнама
Қазақстан Азиаданың 12-күні сегіз медаль жеңіп алды
Спортты дамыту дирекциясы

Қазақстан Азиаданың 12-күні сегіз медаль жеңіп алды

Қазақстан құрамасы Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өтіп жатқан Азия ойындарының 12-жарыс күнінде үш күміс және бес қола медаль иеленді.

Үш күміс: дзюдо мен джиу-джитсудағы нәтижелер

Қазақстандық дзюдошылар Ажар Асхат пен Әділет Алмат финалға дейін жетіп, күміс жүлдегер атанды.

70 келіге дейінгі салмақта Ажар Асхат жапониялық Рин Маэдаға иппонмен есе жіберді. Ал 81 келіге дейінгі салмақта Әділет Алмат шешуші белдесуде жапониялық Сотаро Фудзиварадан иппонмен жеңілді.

Джиу-джитсудан Нұржан Батырбеков те күміс медаль алды. 69 келіге дейінгі салмақтың финалында ол БАӘ джитсері Ахмед Андизге 0:2 есебімен жол берді.

Қола әкелген бес спортшы

Эсмигүл Құйылова дзюдодан 63 келіге дейінгі салмақта үшінші орын иеленді. Қола үшін белдесуде ол өзбекстандық Маржона Нуруллоеваны қосымша уақытта алған ваза-ари бағасының арқасында жеңді.

Джиу-джитсу шебері Жібек Құлымбетова 48 келіге дейінгі салмақта жүлдеге ілікті. Оңтүстік Корея намысын қорғаған Хуивон Чонмен кездесуде есеп 2:2 болды. Қосымша басымдық көрсеткіштері бойынша жеңіс қазақстандыққа берілді.

Құзға өрмелеуде Дамир Тоқтаров жылдамдық сайысының қола жүлдегері атанды. Ол финалдық кезеңде 7,342 секунд нәтиже көрсетті.

Екатерина Таранцева ескек есу слаломында Қазақстан қоржынына қола салды. Жекелей байдарка финалында қашықтықты 112,23 секундта еңсеріп, үшінші орынға тұрақтады.

Теннисші Юлия Путинцева әйелдер арасындағы жекелей сында қола медаль иеленді. Жартылай финалда ол қытайлық Чжан Шуайға 4:6, 2:6 есебімен жеңілді. Азия ойындарында үшінші орын үшін матч өткізілмейтіндіктен жартылай финалда ұтылған екі теннисші де қола алады. Бұл – Қазақстанның осы Азиададағы теннистен алғашқы медалі.

Путинцева мен Данилина тағы бір жүлдеге кепілдік алды

Юлия Путинцева мен Анна Данилина әйелдер арасындағы жұптық турнирдің жартылай финалына өтті. Ширек финалда олардың қарсыластары – қытайлық Цзян Синьюй мен Ян Чжаосюань кездесуден бас тартты.

Осылайша қазақстандық жұп кемінде қола медаль алады. Финал жолдамасы үшін олар Қытай Тайбэйінің өкілдері Се Шувэй мен Лян Эньшомен кездеседі.

Жүлдеге жете алмаған қазақстандықтар

Грек-рим күресінен Ислам Евлоев 97 келіге дейінгі салмақта бесінші орын алды. Қола үшін белдесуде ирандық Мехди Балихамзехдеге 1:5 есебімен есе жіберді.

Дзюдошы Дана Әбдірова да 57 келіге дейінгі салмақта жарысты бесінші орынмен аяқтады. Ол Солтүстік Кореядан келген Ким Хён Адан жеңілді.

Джиу-джитсудан Абдулла Батырбек 62 келіге дейінгі салмақта медальсыз қалды. Үшінші орын үшін кездесуде Сауд Арабиясының өкілі Абдумалик Мохаммед Аль Мурди басымдық көрсеткіші бойынша жеңіске жетті.

Қазақстан медаль кестесінде нешінші орында?

12-жарыс күнінен кейін Қазақстан құрамасы жалпы есепте тоғызыншы орынға жайғасты. Ұлттық құраманың еншісінде 64 медаль бар:

9 алтын;
19 күміс;
36 қола.

Жарнама
Жарнама