Қазақстан джиу-джитсуда Азиада "алтынына" таласты
Қазақстандық джиу-джитсу шебері Нұржан Батырбеков Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өтіп жатқан Азия ойындарында күміс жүлдегер атанды.
Финалдағы белдесу қалай аяқталды?
Батырбеков 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында Біріккен Араб Әмірліктерінің өкілі Ахмед Андизбен кездесті. Шешуші белдесу 0:2 есебімен қазақстандық балуанның жеңілуімен аяқталды.
Осылайша Андиз Азия ойындарының чемпионы атанса, Нұржан Батырбеков Қазақстан қоржынына күміс медаль салды.
Қазақстандық джитсер ширек финалда филиппиндік Марк Александр Лимді 4:2 есебімен ұтқан еді. Ал жартылай финалда сингапурлық Ноа Тян Жун Лимге мүмкіндік бермей, 7:0 есебімен басым түсті.
Қазақстанның Азиададағы медаль саны
Батырбековтың жүлдесінен кейін Қазақстан құрамасының еншісіндегі медаль саны 59-ға жетті:
- 9 алтын;
- 17 күміс;
- 33 қола.
Жапонияда өтіп жатқан Азиада-2026 додасы 4 қазанда аяқталады.