Жарнама
Жарнама
Қалың қалай, қыздар футболы?
leedsunited.com/

Қалың қалай, қыздар футболы?

Жуырда жыл ортасындағы трансфер кезеңінде футболшылардың клуб ауыстыру белсенділігіне талдау жасалды. Оған сәйкес, әйелдер футболында бірқатар тарихи рекорд тіркелді. 

Әйелдер арасындағы кәсіпқой футбол соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Соған дәлел ретінде жазғы трансфер кезеңінде халықаралық ауысымдар саны мен трансферлік шығын көлемі бойынша тіркелген жаңа рекордтарды келтіруге болады. 

Жалпы әйелдер кәсіпқой футболында 1406 халықаралық трансфер жүзеге асты. Бұл — бұрын-соңды тіркелмеген ең жоғары көрсеткіш. Нәтиже алдыңғы рекордтан 19,2%-ға артық.

Трансферге жұмсалған қаржы да тарихи межеге жетіп, 28,6 млн АҚШ долларын құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен екі еседен астам жоғары.

Әйелдер футболында трансферге ең көп қаржы жұмсаған елдердің клубтары:

  1. Англия — 8 млн доллар.
  2. Испания — 6,6 млн доллар.
  3. Германия — 4,9 млн доллар.
  4. АҚШ — 2,9 млн доллар.
  5. Италия — 2,1 млн доллар.

Футболшы сатудан ең көп табыс тапқан елдер:

  1. Швеция — 4,2 млн доллар.
  2. Англия — 4 млн доллар.
  3. Франция — 3,6 млн доллар.
  4. Германия — 3,6 млн доллар.
  5. Нидерланд — 2,9 млн доллар.
Қалың қалай, қыздар футболы?
Фото: rusecure.fifa.com

Осы жерде ерлер арасындағы футболда да жазғы трансфер уақыты тарихи көрсеткішпен көзге түскенін айта кету керек. 

Клубтар 9,89 млрд АҚШ долларын жұмсады. Бұл — осы уақытқа дейін тіркелген ең жоғары сома.

Дүниежүзі бойынша 12 500-ден астам халықаралық трансфер жүзеге асқан. Осылайша, жыл ортасындағы трансфер кезеңінде тіркелген ауысымдар саны бойынша да жаңа рекорд орнатылды.

Трансферге ең көп қаржы жұмсаған елдер:

  1. Англия — 3,02 млрд доллардан астам.
  2. Италия — 1,1 млрд доллар.
  3. Испания — 940 млн доллар.
  4. Германия — 904 млн доллар.
  5. Франция — 641 млн доллар.

Ағылшын клубтары шетелден футболшы сатып алу саны бойынша да әлемде көш бастады. Одан кейін Испания мен Португалия командалары орналасқан.

Трансферден ең көп табыс тапқан елдердің клубтары:

  1. Франция — 1,7 млрд доллар.
  2. Англия — 1,43 млрд доллар.
  3. Германия — 1,02 млрд доллар.
  4. Испания — 773 млн доллар.
  5. Португалия — 642 млн доллар.

Бұл деректер халықаралық трансфер нарығының ауқымы кеңейіп, жаһандық деңгейдегі маңызы артып келе жатқанын көрсетеді.

Жарнама
Жарнама