Дастан Сәтпаев оралды. "Бернлиде" жаттығуға кірісті
"Бернли" келесі матчын 10 қазанда сырт алаңда "Уотфордқа" қарсы өткізеді.
Қазақстан құрамасының 18 жастағы шабуылшысы Дастан Сәтпаев жарақатынан кейін Англияның "Бернли" клубымен бірге жаттығуға қайта кірісті.
Қазақстандық футболшы Instagram желісіндегі сторисінде команданың жаттығуынан бірнеше фото жариялады.
Сәтпаев қыркүйекте жарақат алды
Дастан Сәтпаев қыркүйек айының басында Чемпионшип аясындағы "Мидлсброға" қарсы матчта жарақат алған еді.
Сәтпаев негізгі құрамда алаңға шыққанымен, 81-минутта ойынды жалғастыра алмай, ауыстырылған болатын.
Кейін "Бернлидің" бас бапкері Ники Хайен қазақстандық шабуылшының санның артқы бөлігіне зақым келгенін және бірнеше аптаға қатардан шыққанын хабарлады.
Ұлттық құраманың матчтарын өткізіп алды
Жарақатына байланысты Сәтпаев Қазақстан құрамасының қыркүйек және қазан айларындағы Ұлттар лигасы аясындағы матчтарға, атап айтқанда, Фарер аралдары, Словакия және Молдоваға қарсы кездесулерге қатыспады.