Ферстаппен "Феррариге" ауыса ма? Пилот пікір білдірді
Нидерландтық спортшы "Ферраридің" тарихы мен Формула-1-дегі мәртебесін жоғары бағалайтынын жасырмады.
"Ред Булл" пилоты, төрт дүркін Формула-1 чемпионы Макс Ферстаппен "Феррари" сапына қосылуға қатысты пікір білдірді. Нидерландтық пилоттың сөзінше, команда таңдауда ең бастысы - атақ үшін күресіп, жарыстарда жеңіске жету мүмкіндігінің болуы.
Ферстаппен "Ферраридің" тарихы мен Формула-1-дегі мәртебесін жоғары бағалайтынын жасырмады. Алайда оның пікірінше, тек әйгілі команданың атынан жарысу үшін команда ауыстырудың қажеті жоқ.
"Мен тек жеңіс үшін күресемін. Ностальгияға берілетіндердің қатарынан емеспін. "Феррари" брендіне үлкен құрметпен қараймын ба? Әрине", – деді Ферстаппен ESPN-ге берген сұхбатында.
Ол нәтиже болмаса, команда атауының өзі шешуші мәнге ие емес екенін айтты.
"Егер сен бесінші немесе алтыншы орын үшін ғана күрессең, оның мәні неде? Мен нәтижеге басымдық беремін. Қазіргі командаммен көп жетістікке жеттім", – деді нидерландтық спортшы.
Ферстаппен "Ред Буллда" 2016 жылдан бері өнер көрсетеді
Макс Ферстаппен "Ред Булл" командасына 2016 жылы қосылды. Осы уақыт аралығында ол Формула-1-дің басты жұлдыздарының біріне айналып, төрт рет әлем чемпионы атанды.