Қуат Хамитов Қазақстанның әлем чемпионатына қашан шығатынын айтты
Танымал файтер ұлттық құраманың соңғы ойындарын қатаң сынға алды.
Қазақстандық ММА файтері Қуат Хамитов отандық футболға қатысты тағы сын айтты. Бұл жолы ол Қазақстан құрамасының әлем чемпионатына қашан қатысуы мүмкін деген сұраққа мысқылмен жауап берді.
"Қиямет күніне бір күн қалғанда"
Хамитов Instagram парақшадағы "Қазақстан әлем чемпионатына қашан шығады?" деген сауалға қысқа пікір қалдырған.
"Қиямет күніне бір күн қалғанда", – деп жазды файтер.
Осылайша, ол ұлттық құраманың қазіргі нәтижелеріне көңілі толмайтынын тағы бір мәрте аңғартты.
Бұған дейін де құраманы сынады
Хамитов бұған дейін Джон ван’т Схип жаттықтыратын Қазақстан құрамасының Ұлттар лигасындағы сәтсіз нәтижелерінен кейін футболшыларды ашық сынаған еді. Ұлттық команда өз алаңында Молдовадан 1:2 есебімен жеңіліп, кейін Фарер аралдарымен 2:2 есебімен тең түсті.
Файтер ойыншылардың табысы мен алаңдағы нәтижесі арасында үлкен айырмашылық бар деп есептейтінін айтты.
Бұдан бөлек, Қуат Хамитов Қазақстан футболындағы жағдайды өзгерту үшін кәсіби футболға жұмсалатын қаржының бір бөлігін балалар мен жасөспірімдер футболына бағыттауды ұсынды. Оның пікірінше, инфрақұрылымға, академияларға және білікті шетелдік мамандарды тартуға ұзақмерзімді инвестиция салу қажет.
Айта кетейік, жуырда ғана Қазақстан футбол федерациясының Бас хатшысы Скотт Манн арнайы бейнеүндеу жариялап, ұлттық құраманың соңғы матчтардағы нәтижелері көңіл көншітпейтінін мойындап, жағдайға нақты баға беру үшін барлық құрылымның қызметі талданатынын жеткізген еді.