Месси мен Роналду алғаш рет бір командада ойнамақ
Екі жұлдызды бұрынғы Аргентина құрамасының шабуылшысы Карлос Тевестің қоштасу матчына шақыру жоспарланып отыр.
Infobae басылымының мәліметінше, кездесу желтоқсанда Буэнос-Айрестегі "Ла Бомбонера" стадионында өтуі мүмкін. Карлос Тевес футболдағы мансабымен қоштасуға арналған матчқа Месси мен Роналдуды жеке шақыруды көздеп отыр.
Жоспар бойынша, әлемдік футбол жұлдыздарынан құралған команда 2003 жылы Құрлықаралық кубокты жеңіп алған "Бока Хуниорс" командасының ойыншыларымен кездесуі ықтимал.
Егер Месси мен Роналду шақыруды қабыл алса, олар алғаш рет бір командада бірге ойнайды. Бұған дейін екі футболшы да Карлос Тевеспен бірге алаңға шыққанымен, әр кезеңде және әртүрлі командалар сапында өнер көрсетті.
Тевес жұлдыздармен бірге ойнаған
Карлос Тевес Лионель Мессимен Аргентина ұлттық құрамасында бірге ойнаған. Ал Криштиану Роналдумен 2007-2009 жылдары "Манчестер Юнайтед" клубында бір командада өнер көрсетті.
Қазіргі уақытта Месси мен Роналдудың қоштасу матчына қатысатыны ресми түрде расталған жоқ. Дегенмен екеуі де шақыруды қабылдаса, футбол жанкүйерлері көптен күткен ерекше оқиғаға куә болуы мүмкін.