"Барыс" сырт алаңда қатарынан екінші жеңісіне жетті
Астаналықтар Құрлықтық хоккей лигасының тұрақты чемпионатында Мәскеуде "Спартактан" буллиттер сериясында басым түсті.
"Барыс" екінші кезеңде алға шықты
Мәскеуде өткен матчтың алғашқы кезеңінде есеп ашылған жоқ. Екінші жиырма минуттықта мұзайдын иелері бірінші болып шайба соқты.
Бірақ "Барыс" хоккейшілері Логан Дэй мен Әлихан Әсетовтың голдары арқылы есепті өз пайдасына өзгертті. Үзіліске дейін "Спартак" таразы басын теңестіріп үлгерді.
Томпсонның голы ойынды овертаймға жеткізді
Үшінші кезеңде мәскеулік команда қайта алға шықты. Кездесу аяқталар тұста Тайс Томпсон мергендігімен көзге түсіп, есепті 3:3 етті.
Ойын қосымша уақытқа ұласып, жеңімпаз буллиттер сериясында анықталды. Шешуші сәтте "Барыс" басым түсіп, сырт алаңдағы жеңісті сериясын жалғастырды.
Михаил Кравецтың шәкірттері келесі кездесуін 10 қазанда Астанада өткізеді. Қарсыласы — Омбының "Авангарды".