Ақмарал Ерекешева көркем гимнастикадан әлем чемпионатында үшінші мәрте финалға өтті.
Болгарияның София қаласындағы жаһандық додада Қазақстанның жас спортшысы тағы бір мәрте көзге түсті: көркем гимнастикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Ақмарал Ерекешева үшінші рет финалға жолдама алды.
Жарыстың екінші күнінде Ерекешева лентамен жаттығу бағдарламасы бойынша 25.700 ұпай жинап, бұл бағдарламада ең жоғары нәтиже көрсеткен спортшы атанды. Осылайша, ол әлем біріншілігінің үшінші финалына шықты.
Бұған дейін Ақмарал доппен және шеңбермен жаттығу түрлерінде де ең жоғары балл алып, финалға өткен болатын. Бұл – оның халықаралық деңгейдегі шеберлігінің айқын дәлелі.
Ақмаралдан бөлек, тағы бір қазақстандық гимнаст — Айғаным Рысбек те өз өнерімен ерекшеленді. Ол булавамен жаттығуда төртінші орынға ие болып, финалға шықты. Енді ол да жүлдеге таласуға мүмкіндік алады.