ӘЧ-2026: Бибісара Асаубаева басты қарсыластарын білді
Шахматтан командалық әлем чемпионаты 17-21 маусым аралығында Гонконгта өтеді.
Гонконгта ФИДЕ-нің ұйымдастыруымен рапид пен блицтен төртінші командалық әлем чемпионаты өтеді. Турнирге Қазақстан шахматшысы Бибісара Асаубаева мен өзбекстандық гроссмейстер Жавохир Синдаров та қатысады.
Байрақты дода 17-21 маусым аралығында "Куин Элизабет" стадионында өтеді. Ұйымдастырушылар жарысқа қатысатын командалардың құрамын ресми түрде жариялады.
Биылғы чемпионатқа 40-тан астам команда мен әлемнің 300-ден аса мықты гроссмейстері қатысады. Турнирдің жалпы жүлде қоры — 500 мың еуро.
Қазақстан атынан кім ойнайды?
Қазақстан бұл чемпионатта Kazchess командасы арқылы таныстырылады. Команда құрамына қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева, әзербайжандық гроссмейстер Шахрияр Мамедьяров және блицтен әлемдік деңгейдегі шеберлердің бірі Александр Грищук енген.
Ал Өзбекстан атынан Uzbekistan командасы қатысады. Оның негізгі жұлдыздары қатарында олимпиада чемпионы Нодирбек Абдусатторов, Жавохир Синдаров және Афруза Хамдамова бар.
Синдаров соңғы жылдары Азия шахматындағы ең перспективалы ойыншылардың бірі ретінде танылып жүр.
Турнир фавориттері кімдер?
Гонконгтағы әлем чемпионатына бірнеше жұлдызды команда қатысады. Олардың қатарында әлем шахматының ең танымал есімдері бар.
- WR Chess командасының құрамында әлемдік рейтингтің бірінші нөмірі Магнус Карлсен, Фабиано Каруана және Александра Горячкина ойнайды.
- Hexamind Chess Team сапында Алиреза Фирузджа, нидерландтық Аниш Гири және Дивья Дешмукх бар.
- Dragon Chilling командасы турнир қожайыны ретінде сынға түседі. Бұл ұжымға классикалық шахматтан қазіргі әлем чемпионы Дин Лижэнь, Вэй И және экс-әлем чемпионы Цзюй Вэньцзюнь жетекшілік етеді.
- Chess United құрамында үндістандық экс-әлем чемпионы Вишванатан Ананд, жас талант Фаустино Оро және Хампи Конеру бар.
- Chessgurukul командасы Прагнанандха Р., Аравинд Читамбарам және Вайшали Рамешбабу сынды мықты шахматшылармен келді.
- Endgame.ai сапында америкалық Ханс Ниманн, Леньер Домингес және Чжу Цзиньэр өнер көрсетеді.
- Team MGD1 командасында Арджун Эригайси, Нихал Сарин және Харика Дронавалли бар.
Жарыс регламенті қандай?
Ереже бойынша әр команда кемінде 6, ең көп дегенде 9 ойыншыдан тұруы керек. Сонымен қатар құрамда міндетті түрде кемінде бір әйел шахматшы және рейтингі ешқашан 2000 Эло ұпайынан аспаған бір әуесқой ойыншы болуы тиіс.
Рапид бәсекесі 17-19 маусым күндері швейцар жүйесі бойынша 12 раундтан тұрады. Ал блиц чемпионаты 20 маусымда топтық кезеңмен басталып, 21 маусымда плей-офф ойындарымен аяқталады.