"Астана" бас бапкерін ресми таныстырды

Бокс шолушысы
26.06.2026, 18:22

"Астана" БК жаңа бас бапкер тағайындағанын жариялады.

instagram/@astanabasket

Миодраг Райкович "Астананы" тізгіндейді

"Астана" кәсіби баскетбол клубы алдағы маусым алдындағы маңызды кадрлық шешімін ресми түрде хабарлады. Команданың бас бапкері қызметіне сербиялық маман Миодраг Райкович тағайындалды.

Клубтың баспасөз қызметі жаңа бапкердің мол тәжірибесін атап өтті. Райкович бапкерлік мансабында 30 жылдан астам уақыт түрлі елде жұмыс істеп, Еуропа мен Азия баскетболында танылған мамандардың бірі ретінде қалыптасты.

Райковичтің бапкерлік тәжірибесі

Миодраг Райкович әр жылдары Сербия, Польша, Венгрия, Жапония, Хорватия және Черногория клубтарында еңбек еткен. Сонымен қатар Евролига, Еурокубок, ВТБ Біріккен лигасы және Адриатика лигасы сияқты беделді турнирлерде команда басқарған.

Сербиялық бапкердің ең табысты кезеңдерінің бірі Польша чемпионатымен байланысты. 2014 жылы "Туров" клубын ел чемпионы етті. Бұдан бөлек Райкович екі рет Польша Суперкубогын жеңіп алды - 2014 және 2024 жылдары.

Сондай-ақ оның еншісінде Польша чемпионатының күміс және қола жүлделері бар. 2012/13 маусымының қорытындысы бойынша Миодраг Райкович Польша баскетбол лигасының үздік бапкері деп танылған.

Қай клубтарда жұмыс істеді?

Райкович бапкерлік жолында бірнеше танымал клубты басқарды. Олардың қатарында:

  • "Туров";
  • "Шлёнск";
  • "Мега";
  • жапониялық "Ямагата Уайвернс";
  • "Тояма Грусес";
  • "Нисиномия Сторкс" және басқа командалар бар.

2025/26 маусымында маман Адриатика лигасында өнер көрсететін хорватиялық "Сплит" клубында жұмыс істеді.

Жастар құрамасымен әлем чемпионы атанған

Миодраг Райковичтің жетістіктері тек клубтық деңгеймен шектелмейді. Ол Сербия U19 құрамасының бапкерлер штабында жүріп, жастар арасындағы әлем чемпионатында жеңіске жеткен.

Оның командалары халықаралық аренада бірнеше рет жоғары нәтижеге қол жеткізіп, Евролига, Еурокубок және Жапонияның B.League плей-офф кезеңдерінде өнер көрсеткен.

"Астана" үшін жаңа кезең басталды

Өткен маусым "Астана" үшін ауыр әрі күрделі болды. 2025/2026 маусымында команданы литвалық маман Рамунас Цвирка жаттықтырған.Бірақ ол сәуір айында кенеттен өмірден өтті.

Осыдан кейін форс-мажор жағдайда бас бапкер міндетін Дэйнюс Шаленга атқарды. Ол команданы Қазақстан чемпионатының финалына дейін жеткізді. Маусым соңында Шаленга келісімшарты аяқталғаннан кейін клубтан кетті.

Финалда "Астана" Ақтаудың "Каспий" клубына жол беріп, Қазақстан чемпионатының күміс жүлдесін иеленді. Шешуші серия бесінші матчқа дейін созылып, ақтаулық команда овертаймда жеңіске жетті. 

Айта кетейік, бұған дейін "Астананың" 2026/2027 маусымында ВТБ Бірыңғай лигасына ресми түрде қайта оралатыны хабарланған.

Реклама
Реклама