Қазақстандықтар Жапонияда Азия чемпионы атанды

Спорт шолушысы
06.08.2026, 19:06

Киото қаласында байдарка мен каноэде марафондық қашықтыққа ескек есуден VI Азия чемпионаты басталды.

Спортты дамыту дирекциясы

Кирилл Тубаев 3400 метрде топ жарды

Ерлер арасындағы байдарка жарысында Кирилл Тубаев 3400 метрлік қашықтықты бірінші болып аяқтады. Қазақстандық спортшы мәреге 14 минут 54,166 секундта жетіп, Азия чемпионы атанды.

Екінші орынды оңтүстіккореялық Пак Чжу Хён иеленсе, қола медаль вьетнамдық Чан Ван Заньға бұйырды.

Полат Төребеков каноэ жарысында алтын алды

Каноэде ескек есуден өткен бәсекеде Қазақстан құрамасының тағы бір өкілі Полат Төребеков жеңіске жетті. Ол белгіленген қашықтықты 17 минут 13,493 секундта бағындырып, алтын медаль иеленді.

Күміс жүлдені жапониялық Кокадзи Такаюки жеңіп алса, оның отандасы Такэнака Иссэй үшінші орынға тұрақтады.

Қазақстандықтар 10 000 метрлік марафонға қатысады

Азия чемпионатының келесі жарыс күнінде Қазақстан құрамасының спортшылары 10 000 метрлік марафон қашықтығында сынға түседі.

Осылайша қазақстандық ескек есушілер Киотодағы құрлықтық додада алғашқы күннің өзінде екі алтын медаль жеңіп, сәтті бастама жасады.

Реклама
Реклама