Қазақстанда MLBB командаларын даярлау жүйесі құрылды — ашық турнирлерден халықаралық іріктеуге дейін

Бас редактор

BigPlay және Olimp Games ойын әзірлеуші Moonton компаниясының қатысуымен BIGPLAY.GG MLBB жаңа турнирлік экожүйесін таныстырды. Жоба Қазақстанның кәсіби сахнадағы позициясын күшейтіп, жергілікті командаларға тұрақты жарыс тәжірибесін жинауға көбірек мүмкіндік беруге тиіс.

Қазақстанда MLBB командаларын даярлау жүйесі құрылды — ашық турнирлерден халықаралық іріктеуге дейін
olimpbet.kz

70% команда алғашқы үш аптада тарайды

BIGPLAY.GG MLBB жаңа жүйесі алғашқы әуесқой турнирлерден жоғары деңгейдегі жарыстарға дейінгі жолды қалыптастырады. Бұл туралы BigPlay киберспорт платформасының бас директоры Александр Аманбаев айтты.

"Біз бұған дейін де тұрақты турнирлер өткізіп келдік. Енді оларды бір маусымға біріктіріп, бірнеше дивизион құрдық: жаңадан бастаған ойыншыларға арналған ашық жарыстардан бастап, маусым финалы мен басты Road to BIG OLIMP турниріне дейін. Командалар рейтинг жинап, біртіндеп келесі деңгейге өте алады", — деді Александр.

Фото: olimpbet.kz

Оның айтуынша, жас киберспорт сахнасындағы басты мәселелердің бірі — құрамдардың тұрақсыздығы. Командалардың шамамен 70%-ы алғашқы үш аптаның өзінде тарайды.

"Тұрақты турнирлер командаларға құрамын сақтап қалуға көмектеседі. Ұжымның тұрақты болуы үшін ойыншыларға ұзақ мерзімді жол мен нақты мақсат қажет. Жаңа жүйе дәл осыны ұсынады", — деді BigPlay басшысы.

MLBB — бұл да спорт

Olimp Games спорттық жобаларының директоры, бұрынғы ойыншы және Қазақстанның табысты Konina Power киберспорт ұйымының негізін қалаушы Асқар DGR Ахметов брендтің BigPlay-мен ынтымақтастықты не үшін бастағанын түсіндірді.

"Olimp Games-тің мобильді киберспортқа келуі — біздің жұмысымыздың заңды жалғасы. Бұған дейін команда CS2 бағытындағы жобаларды, соның ішінде MPL мен өңірдегі алғашқы әйелдер лигасы FPL-ді дамытты. Біз Қазақстан Орталық Азиядағы киберспорт хабына айналуы керек деп сенеміз. Сондықтан бізге жай ғана турнир операторы емес, MLBB-ді білетін, қауымдастықпен жұмыс істей алатын, жарыстарды тұрақты өткізетін және қажетті технологиялық базасы бар серіктес қажет болды. Мұның бәрін BigPlay-ден көрдік", — деді Асқар Ахметов.

Фото: olimpbet.kz

Жас командаларды даярлаудағы өз тәжірибесі туралы айтқан ол ойыншының алғашқы қадамы — өз ісіне спорт ретінде қарай бастау, мақсат қою және жеңіске ғана емес, жеңіліске де дайын болу екенін атап өтті. Алайда жеке тәртіптің өзі жеткіліксіз. Жас құрамдарға турнирлер, жаттықтырушылар, әдістемелік дайындық және алғашқы кезеңдердегі қолдау қажет.

EvilKing: медиа — дамудың ең маңызды бөліктерінің бірі

Бұл ойды презентация қонағы Руслан EvilKing те жалғастырды. Ол ойыншы және контент авторынан Team Yandex-тің MLBB бағыты бойынша спорт директоры қызметіне дейінгі жолдан өтті.

Оның айтуынша, жас командаларға тәжірибенің аздығы ғана емес, құрам ішіндегі ұйымдастырудың жоқтығы да кедергі келтіреді.

"Жас ұжымдарда көбіне жаттықтырушы, менеджер, тіпті жеңілістен кейін қалай жұмыс істейтіні туралы ортақ келісім де болмайды. Соның салдарынан құрамдар жиі ауысады, ал мықты ойыншылар назардан тыс қалады. Тұрақты турнирлер оларға қарсылас, тәжірибе және алғашқы сәтсіздіктерден кейін тарап кетпеуге себеп береді", — деді Руслан EvilKing.

Фото: olimpbet.kz

Ол кәсіби дамуда медианың рөлін де ерекше атап өтті:

"Медиа — ойыншы дамуының ең маңызды бөліктерінің бірі. Стримдер мен контент жанкүйерлер базасын қалыптастырады, ойыншылардың танымал болуына және қолдау алуына көмектеседі. Бірақ мұнымен бірге психологиялық қысым да артады. Сондықтан жас киберспортшыларға сынмен күресуге және ойынды тастап кетпеуге көмектесетін тәлімгер қажет".

Moonton: Қазақстан MCC турниріне тікелей слот алады

Жаңа экожүйенің таныстырылымына Moonton ойын әзірлеуші компаниясының өкілдері арнайы қонақ ретінде қатысты.

"Кәсіби сахна өңірлердің өзінде тұрақты турнирлер өткізілмейінше дами алмайды. Дәл сол жарыстарда ойыншылар тәжірибе жинайды, командалар шыңдалады, ал ең мықты қатысушылар көзге түседі. Қазақстанда және басқа елдерде MLBB-ге қызығушылық артып келе жатқанын көріп отырмыз. Оны әрі қарай дамыту үшін осындай жарыстар қажет", — деді Moonton компаниясының Шығыс Еуропа мен Орталық Азия, Батыс Еуропа және Түркиядағы киберспорт бағытының жетекшісі Эйджей Джилка.

Фото: olimpbet.kz

Өңір үшін тағы бір маңызды өзгеріс туралы Moonton киберспорт менеджері Владислав Самоха айтты. Қазақстан Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдеріне арналған кәсіби өңірлік лига — MLBB Continental Championships турниріне тікелей слот алады.

"2027 жыл Қазақстанға көптеген жағымды жаңалық әкелетініне сенімдімін. Оның ішінде Moonton ойынның баспагері ретінде осында өткізетін жаңа турнирлер де бар. Мұның бәрі BigPlay және Olimp Games секілді серіктестердің арқасында мүмкін болып отыр", — деді Владислав.

Фото: olimpbet.kz

BIGPLAY.GG MLBB жаңа экожүйесі қалай жұмыс істейді?

Жүйе бірнеше дивизионға бөлінеді. Olimp Next Gen — барлық командаға арналған, жүлде қоры 500 доллар болатын апта сайынғы ашық турнир. Рейтингте жоғарылаған командалар екінші дивизион — Olimp Big Legends жарысына өте алады. Онда апта сайын 700 доллар сарапқа салынады.

Тұрақты маусым сегіз аптаға созылады. Ол аяқталғаннан кейін рейтингтегі үздік командалар жүлде қоры 1000 доллар болатын Olimp Final Season турнирінде кездеседі. Бір маусымның жалпы жүлде қоры 10 600 долларды құрайды.

Тұрақты маусымнан бөлек, жүлде қоры 8000 доллар болатын басты Road to BIG OLIMP турнирі өтеді. Оның жеңімпазы MLBB Continental Championships Season 8 турнирінің жабық іріктеу кезеңіне шақырту алады.

Алғашқы Road to BIG OLIMP турнирі 10–16 тамыз аралығында онлайн форматта өтеді. Ашық іріктеу 10 және 11 тамызда ұйымдастырылады, топтық кезең 13 тамызда басталады, ал плей-офф пен гранд-финал 14–16 тамыз аралығында өтеді.

Турнирге Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдерінен 16 жастан асқан ойыншылар қатыса алады. Қатысу үшін командалар BigPlay сайтында тіркеліп, ойын деректерін көрсетуі және ұйымдастырушылармен әрі қарсыластармен байланыс орнату үшін Telegram аккаунттарын тіркеуі қажет.