Жарнама
Жарнама

Қазақстандық ауыр атлет әлемдік рекорд жаңартты

Ксения Прозорова Ташкентте жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында жарқын жеңіске жетті. 

Қазақстандық ауыр атлет әлемдік рекорд жаңартты
olympic.kz

204 келіні еңсерді

Отандық ауыр атлетиканың ең үлкен үміттерінің бірі саналатын Ксения Прозорова екі жаттығудың қорытындысы бойынша 204 келі көтерді.

Жұлқа көтеруде 94 келіні, ал серпе көтеруде 110 келіні бағындырды. Нәтижесінде жалпы есепте қарсыластарынан озып, Азия чемпионы атанды.

61 келіге дейінгі салмақтағы үздік үштік:

  1. Ксения Прозорова (Қазақстан) — 204 кг (94+110);
  2. Муниса Балтаева (Өзбекстан) — 200 кг (89+111);
  3. Хажар Моэни Седех (Иран) — 195 кг (90+105).

Прозорованың жұлқа көтерудегі 94 келілік көрсеткіші жастар деңгейіндегі Азия және әлем рекорды ретінде тіркелді.

Шымкенттік атлет те чемпион атанды

Қазақстан құрамасына тағы бір алтын медальді шымкенттік Инсана Рашидова сыйлады.

Халықаралық аренадағы алғашқы турниріне қатысқан зілтемірші Masters санатында жеңімпаз атанды. Екі жаттығудың қорытындысында 183 келіні көтерді: жұлқа көтеруде — 83 кг, серпе көтеруде — 100 кг.

Рашидова өзбекстандық Малика Ужаназарова мен түркиялық Бусе Эрді артта қалдырды.

Ксения Прозорова кім?

Ксения Прозорова 2010 жылдың 12 наурызында Алматы облысы Іле ауданына қарасты Қараой ауылында дүниеге келген.

Оның жеке бапкерлері — Азамат Нұрұллаев пен Эмир Абатов.

Прозорова жас болғанына қарамастан Қазақстан ауыр атлетикасында бірнеше ірі жетістікке жетіп үлгерді.

Басты жетістіктері: 

  • Қазақстанның ересектер арасындағы бірнеше дүркін чемпионы;
  • 17 жасқа дейінгі Орталық Азия чемпионатының жеңімпазы;
  • ҚР VI Жастар ойындарының чемпионы;
  • жастар арасындағы әлем чемпионы;
  • жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының жеңімпазы және жүлдегері;
  • жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарының жүлдегері;
  • Қазақстан Республикасының спорт шебері;
  • халықаралық дәрежедегі спорт шебері;
  • Қазақстан рекордтарын бірнеше мәрте жаңартқан ауыр атлет.
Жарнама
Жарнама