ҚПЛ Футбол Бәрі-бір Жекпе-жек Жаңалықтар Хоккей Авто Теннис Фитнес Киберспорт Болжам Ойыннан тыс Чемпиондар лигасы
ҚПЛ 21-тур

Бибісара Асаубаева 116 млн теңгенің турнирін екі дүркін әлем чемпионына қарсы бастайды

Қазақстандық шахматшы АҚШ-тың Сент-Луис қаласында беделді Cairns Cup 2026 супертурниріндегі алғашқы қарсыласының кім екенін айтты.

Бибісара Асаубаева 116 млн теңгенің турнирін екі дүркін әлем чемпионына қарсы бастайды
Instagram/@bibisarachess

Алғашқы азулы қарсылас 

Қазақстан құрамасының көшбасшысы жарыстағы бірінші партиясын украиналық Анна Музычукке қарсы өткізеді. Асаубаева бұл кездесуде қара тастармен ойнайды.

Бибісара Асаубаева жарыс алдындағы жоспары туралы Telegram-арнасында қысқаша пікір білдірді.

"Ертең Музычукпен қара тастармен ойнаймын. Мұнда турлар ерте басталады, сондықтан ұйықтауға барамын", — деді қазақстандық шахматшы.

Анна Музычук қазір FIDE әлемдік рейтингінде сегізінші орында тұр.

Украиналық шахматшы әйелдер арасында Эло рейтингінде 2600 ұпай шегінен асқан тарихтағы төртінші ойыншы атанған. Оның мансабындағы ең жоғары рейтингі — 2606 ұпай.

Музычук халықаралық аренада бірнеше ірі жетістікке жеткен. 

  • блицтен екі дүркін әлем чемпионы — 2014 және 2016 жылдары;
  • рапидтен әлем чемпионы — 2016 жылы;
  • классикалық шахматтан әлем чемпионатының күміс жүлдегері — 2017 жылы;
  • Украина құрамасымен 2022 жылғы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасының жеңімпазы;
  • 2025 жылғы Norway Chess Women турнирінің чемпионы.

Сондықтан Асаубаеваның алғашқы турдағы қарсыласы жарыстың басты фавориттерінің бірі саналады.

Cairns Cup 2026 турнирінің жүлде қоры қанша?

Cairns Cup 2026 турнирі 10 тамызда басталып, 19 тамызға дейін жалғасады.Сент-Луистегі жарыс айналмалы жүйе бойынша өтеді. Турнирге әлемнің ең мықты 10 шахматшысы қатысады.

Биылғы додадағы жалпы жүлде қоры 250 мың доллар болады. Бұл шамамен 116,5 миллион теңгеге тең.

Бұл туралы не ойлайсыз?