Қазақстандық зілтеміршілер Ташкентте Өзбекстанды басып озды
Ташкентте ауыр атлетикадан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы жарқын нәтиже көрсетті.
Ақжол Құрманбек – Азия үздігі
7-14 тамыз аралығында Өзбекстан астанасындағы құрлық біріншілігінде қазақстандық ауыр атлеттер кезекті рет ел қоржынына жүлде салды. Бәсекесі жоғары 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Қазақстанның бірден екі өкілі үздік үштіктен көрінді.
Ақжол Құрманбек қоссайыс қорытындысында 358 келі көтеріп, жарыс жеңімпазы атанды. Зілтемірші жұлқа көтеруде 160, серпе көтеруде 198 келіні бағындырды. Оның басты қарсыласы өзбекстандық Хикматилло Хайдаров небәрі бір келіге қалып, күміс жүлдені қанағат тұтты.
85 келідегі үздік үштік
1. Ақжол Құрманбек (Қазақстан) – 358 кг (160+198).
2. Хикматилло Хайдаров (Өзбекстан) – 357 кг (161+196).
3. Ерасыл Сәулебеков (Қазақстан) – 351 кг (154+197).
Құрманбек Азияның екі рекордын жаңартты
Ақжол Құрманбектің Ташкенттегі жеңісі тек алтын медальмен шектелген жоқ. Ол жұлқа көтеру мен қоссайыс бойынша Азияның екі жаңа рекордын орнатты. Бұл нәтиже жас атлеттің халықаралық деңгейдегі кезекті ірі жетістігіне айналды.
Айта кетейік, 2025 жылы Астанада өткен Азия чемпионатында Құрманбек чемпиондық атақсыз қалған. Ол кезде алтын жүлдені отандасы Едіге Емберді жеңіп алды.
Ақжол Құрманбек кім?
Ақжол Құрманбек 2007 жылы 7 желтоқсанда Жетісу облысының Сарқан қаласында дүниеге келген. Оның жеке бапкері – Сергей Седов.
Спортшының негізгі жетістіктері:
- 2024 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері – 67 кг;
- 2024 жылғы жастар арасындағы Азия чемпионы – 73 кг;
- 2025 жылғы жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері – 79 кг.
Ерасыл Сәулебековтың жетістіктері
Ерасыл Сәулебеков 2006 жылы 27 қарашада Қызылорда облысының Қармақшы ауылында дүниеге келген. жеке бапкері – Айдар Ералиев.
Қазақстандық ауыр атлет бұған дейін бірнеше ірі халықаралық жарыста жүлдеге қол жеткізген:
- 2022 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионы – 67 кг;
- 2023 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионы – 73 кг;
- 2024 және 2025 жылдардағы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаттарының қола жүлдегері – 81 кг;
- 2025 жылғы жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионы – 88 кг;
- 2026 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері – 88 кг.